Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқармасының Ақпараттық-түсіндіру тобының жылдық жұмысы қорытындыланды.
Қалалық дін басқармасы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 600-ден аса ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Оған ақпараттық-түсіндіру тобының 62 мүшеcі жұмылдырылды. Топ құрамында қоғам қайраткерлері, философтар, дінтанушылар, психологтар мен саясаттанушылар, теологтар болды.
Іс-шараларды қорытындылауға арналған жиынға топ мүшелері қатысып, Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков төрағалық етті.
Басқарма басшысы жыл басында жоспарланған істердің жүзеге асырылғанын, қазіргі күнде шешімін таппаған жекелеген мәселелерге қарамастан елімізде дін саласына қатысты мемлекеттік органдардың жұмысы жүйелі түрде атқарылғанын айтты.
Дін саласындағы заңдылықтардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында діни бірлестіктерді және миссионерлерді тіркеуді мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына сәйкес жүзеге асырып, шетелдік миссионерлер қызметін бақылау, діни бірлестіктер мен филиалдардағы діни рәсімдер мен уағыздарға мониторинг жүргізу, кітапхана қорларындағы діни әдебиеттерге талдау жасау, заңсыз жұмыс жүргізетін ғибадат орындарын анықтау, заңдылықтарға сәйкес шара қолдану, жаңадан ашылатын діни бірлестіктердің заң талаптарына сай рәсімделуіне бақылау орнату жұмыстары атқарылды, — деді Айдар Есенбеков.
Жиынға Ақпараттық-түсіндіру тобының дәрістерін жыл бойы құпия түрде бақылап жүрген тәуелсіз сарапшы Нұрболат Манапбаев та қатысты. Ол өткізілген іс-шаралардың, дәріскерлердің кемшілігі мен ұтымды тұстарын айтты. Биылғы қателерден сабақ алып, келесі жылы атқарылатын жобалар туралы ұсыныс тастады.
Тәуелсіз сарапшының айтуынша, бұл жылдың жаңалығы — «Ялян» базарындағы радио арқылы оқылған ерекше дәріс. Ол келесі жылы дәрістерді дінтану негіздері оқылмайтын оқу орындары мен мекемелерде жүргізуді ұсынды.
Ендігі жылы мұғалімдерге өткізілетін “Зайырлылық және дінтану негіздері” пәнінің сағаттарын көбейту керек. Мұғалімдердің дінтану негіздерінен сауаттарын арттыру өте маңызды, — деді Нұрболат Манапбаев.
Ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысымен айналысқан Алматының ішкі саясат басқармасының «Мониторинг және талдау орталығы» директорының орынбасары Нұрболат Айекешев атқарылған шаралар туралы есеп берді.
Жиын соңында АТТ-ның белсенді, үздік мүшелері алғысхатпен марапатталды.
«2018 жылдың ең белсенді заң қызметкері» номинациясы бойынша Серікхан Әділғазы, «2018 жылдың ең белсенді діни қызметкері» номинациясы бойынша Азат Фазылжанов марапатталса, Ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу барысында интерактив оқыту әдісін қолданғаны үшін Жанна Қаңтарбаева мен Шәмшия Рысбекова «Ақпараттық-түсіндіру тобының заманауи дәріскері» және Асхат Құмашев «2018 жылдың ең белсенді дәріскері» атанды.