Басты бетӘдебиетҒалымдар әдебиеттану...

Ғалымдар әдебиеттану абызы Қажым Жұмалиевтің мерейтойында бас қосты

Оралда академик Қажым Жұмалыұлы Жұмалиевтің туғанына 110 жыл толуына орай «Қажым оқулары — 1: Әлем мәдениеті контексіндегі білім жүйесінде жалпыадамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынды Білім және ғылым миниcтpлігі және Бaтыc Қaзaқcтaн облысы әкімдігінің қолдауымен Бaтыc Қaзaқcтaн инновациялық-технологиялық унивеpcитетінің педагогика факультеті ұйымдастырды.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Миржан Сатқановтың құттықтау сөзімен ашылған конференцияда академик Қажым Жұмалиевтің қазақ ауыз әдебиеті, әдебиет тарихы, әдебиет сыны, әдебиет теориясы саласындағы зерттеулері және оның бүгінгі күнмен сабақтастығы, жалпы еліміздегі филологиялық білім беру: қазақ, орыс, ағылшын тілі мен әдебиеті мәселелері, бастауышта және мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудегі жас ерекшелік мәселелері секілді көптеген маңызды тақырып кеңінен сөз болды. Халықаралық конференцияға арнайы шақырылған танымал ғалым, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зинол-Ғабден Бисенғали «Әдебиет тарихы мен теориясы туралы Қажым Жұмалиев толғамдары» атты баяндама жасады.

Осы жиынға шетелдерден — М.Ақмолла атындағы Башқұртстан мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Башқұрт әдебиеті мен мәдениеті кафедрасының меңгерушісі Галима Галина, М.Ақмолла атындағы Башқұртстан мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, «Еуразия халықтары фольклоры мен этнографиясы» ғылыми орталығының жетекшісі Розалина Баязитова, Қарақалпақстан Жазушылар одағының әдеби мәслихатшысы, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Әмирлан Сейдин келген екен. Меймандар Қажым Жұмалиевтің тек қазақ әдебиеті емес, туысқан түркі халықтары әдебиеті ғылымының қалыптасуына қосқан зор үлесін алғыс сезімімен атап өтті. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Жамал Манкееваның «Рухани жаңғыру: Академик Қажым Жұмалиев зерттеулері негізінде Абайдың «тіл әлемін» тану» атты баяндамасын да жиналғандар жылы қабылдады. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, осы халықаралық конференцияны ұйымдастырушылардың бірі Азамат Мамыров Қажым Жұмалиев атындағы ғылыми зерттеу және қосымша білім беру орталығы құрылғанын хабарлады. Сонымен қатар әдебиеттануға өлшеусіз үлес қосқан ғалымның атындағы Жұмалиев оқулары Оралда жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын болды.

Қажым Жұмалиевтің қазақ ауыз әдебиеті, әдебиет тарихы, әдебиет теориясы саласындағы зерттеулерінің маңызы орасан. Сондықтан академиктің шығармашылығы мен туындыларын зерттеуді жаңа белеске көтеру қажет, — дейді ғалымдар.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ