Басты бетӘдебиетТәкен Әлімқұловтың...

Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығына орай кітап көрмесі ұйымдастырылды

Тәкен Әлімқұлов  1918 жылы 22 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген. Ол өзінің еңбек жолын өте ерте бастады, 14 жасынан колхозда жұмыс істеді.

1945-1949  жылдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы, 1949-1955 жылдары Алматыға «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет етті.

Сонымен қатар Тәкен Әлімқұлов өз білімін жетілдіру үшін М.Горкий атындағы әдебиет институтына оқуға түсіп, оны 1953 жылы аяқтайды. 1956-1971 жылдары КСРО жазушылар Одағында  қазақ және қырғыз әдебиеті бойынша кеңесші хатшы. 1971-1974 жылдарда — Қазақ  КСР Жазушылар одағында кеңесші қызметтерін атқарды. Ақын 1978 жылы әдеби шығармашылығы үшін «Халықтар достығы» орденімен марапатталған.

Тәкен Әлімқұловтың «Сапар» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1950 жылы жарық көрді. Одан кейін жазушының «Жазғы жаңбыр» (1964), «Бозжорға» (1969), «Қаратау өрнектері» (1981), «Сейтек сарыны» (1966) әңгімелер мен повестер жинағы, «Күрең өзен» (1971), «Кертолғау» (1973), «Шежірелі сахара» (1976), «Сырлы наз» (1977), «Көкек айы» (1982); «Ақбозат» романы (1962), «Тұлпар тағдыры» (1975) және т.б. поэзия жинақтары шықты.

Тәкен Әлімқұлов қазақ әдебиетіндегі әдеби сын жұмыстардың авторы ретінде де танымал болды. 1958 жылы «Советский писатель» баспасынан «Өткен мен қазіргі» деген атпен өзінің алғашқы кітабы жарық көрді, 1978 жылы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы  «Жұмбақ жан» атты зерттеу еңбегін жазды. Жазушының «О прошлом и настоящем» (1958), «Белый конь» (1968), «Серый ястреб» (1972), «Вся жизнь впереди» (1974) және т.б. көптеген шығармалары орыс тілінде жарық көрді.

Жалпы әдеби шығармашылықпен қатар көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. М.Ю.Лермонтовтың «Измаил-бей», П.Павленконың «Бақыт», Г.Николаеваның «Орақ үстінде», А.Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» шығармаларын, А.С.Пушкиннің, В.В.Маяковскийдің, Низамидің өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Тәкен Әлімқұлов 1987 жылы Алматыда дүниеден озды.

Кітап көрмесінде Ұлттық кітапхана қорынан Тәкен Әлімқұловтың өмірі мен қызметі жайлы материалдар, оның шығармалары және ол туралы мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар мен естеліктер ұсынылды.