Бұл жолы Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай ақынның «Мұтылғанның өмірі» поэмасының желісі бойынша жаңаша форматта «Шәкәрім. Жолсыз жаза» спектаклі сахналанды.
Шәкәрімнің өмірлік қағидасы жайында мағлұмат беретін шығармасы — «Мұтылғанның өмірі». Бұл еңбегі өзі жайлы, өз көзқарастары, дүниеге тіршілікке деген танымын айшықтайтын туынды. Тіптен өмірдастан деуге болады. Жалпы Шәкәрім туралы білу, оның дүниетанымын айшықтау үшін оның өзіне жүгінген дұрыс болар. Себебі ақын өзінің бар бітім-болмысын, жандүниесін, танымын өз шығармашылығында баяндап кеткен.
«Мұтылғанның өмірінің» басты кейіпкері — ақынның өзі. Мұнда ақынның өмірі, қоғамға, адамға деген көзқарастары мен ақынның поэзиядағы өзіне тән даралығы мен көркемдік әлем жүйесі ерекшеленген. Ақынның өз жүрегіне үңілуі, жандүниесі арқылы өзін таныту, сонымен қоса ақынның тұлғалық сипаты дараланады.
Режиссер Жұлдызбек Жұманбай «Шәкәрім. Жолсыз жаза» спектаклін қою үшін ақын шығармашылығы мен өмірін терең зерттей, зерделей келе, бір оқығанда бойға сіңісе қалмайтын ақынның философиялық тұжырымдарын көрерменге түсінікті етіп жеткізуді мақсат тұтты. Режиссердың кейіпкерлерді, ақын шығармаларын, ұлы Ахаттың естеліктерін ұтымды таңдауы, спектакльдің ішкі мазмұнын толық аша түсті. Осы спектакльді «Дариға-ай» жастар театры ұжымына сахналауының өзі театр актерларының шеберлігіне сенім артқаны деп білеміз.
Шәкәрім тақырыбын кез келген адам түсініп, сахнаға алып шығуға жүрексінетіні рас. Қойылымды қолға алғаннан бастап театр әртістері де Шәкәрімнің өмірі мен мұраларына жан-жақты үңілді және қызу дайындыққа кірісіп кетті. Театр ұжымы ең бірінші Шәкәрімнің туған жеріне яғни ұлылар мекеніне барып, Бақанастағы ақынның 30 жыл бойы жатқан құрқұдықты көріп, жатқан жеріне зиярат етіп қайтты. Сонымен қатар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейіндегі Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған экспозицияға бірнеше рет экскурсия жасап, ақын жайлы тарихи деректер мен естеліктерге қанығып, қойылымның сәтті шығуына жан-жақты ізденісте болды. Әсіресе, Шәкәрім ролінде ойнаған театр артисі Еркебұлан Нұғымановтың осы образды алып шығу үшін көп ізденісте болып, еңбектенгені көрініп тұрды. Ұлы тұлғаның бейнесін сахнаға шығару әртістен ішкі зиялылық пен тереңдікті талап етеді. Еркебұлан осы талапты жете түсініп, ақын образын өз деңгейінде алып шықты.
Спектакльде тағы бір ерекше образ ол — Кәрі Шыңғыс. Бұл рольді сомдаған — Естай Шәріпұлы өзінің актерлық шеберлігімен өте сәтті алып шықты. Шәкәрім елуден асқан шағында елден жырақ кетіп, жалғыз өзі Шыңғыстаудағы Саят қорада тек шығармашылықпен айналысып, өмірінің соңғы кезеңін өткізген. Осы уақытта ақынның сырласы да, мұңдасы да — Шыңғыстау шатқалдары. Режиссер спектакльдің өзегін бастан аяқ осы Кәрі Шыңғыс образымен байланыстыру арқылы өте сәтті шешім қабылдаған.
Қойылымнан Шәкәрімнің жақсылық пен жамандықты, дарын мен көреалмаушылық, пайдакүнемдік, жағымпаздық, жасандылық, мақтаншақтық сияқты қасиеттердің өзара тартысын Шыңғыстың тас мүсіндері іспетті кейіпкерлер арқылы шебер көрсетті. Ар, ұждан, адал еңбек, ақжүрек сияқты қасиеттерді жанында жүрген Әупіш сияқты кейіпкер арқылы көрсетуі режиссер шеберлігін айқындай түседі. Әупіш ролін сомдаған актер Ғалымбет Тасболатов кейіпкердің осы қасиеттерін өзінің ішкі парасаттылығымен пайымдап сәтті алып шықты.
Спектакльдің қоюшы режиссеры — Жұлдызбек Жұманбай, осы театрдың әргетасын қалаушылардың бірі. Қазіргі таңда Алматыдағы «Алатау дәстүрлі өнер театрының» бас режиссеры. Бұл режиссердың театрдағы алғашқы қойылымы емес. Бұдан бұрын «Махаббат аралы», «Иттің баласы», балаларға арналған «Он екі ай» қойылымдарын сахналаған. «Дариға-ай» жастар театры келер жылы 20 жылдық мерейтойын атап өтуді жоспарлап отыр.