Басты бетЖаңалықтарАлматыда халыққа...

Алматыда халыққа қызмет көрсететін тағы 2 мамандандырылған орталық ашылды

Алматыда халыққа қызмет көрсететін мамандандырылған орталықтардың қатары екеуге көбейді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басшысы Абылайхан Оспанов айтты.

Енді алматылықтар көлікті тіркету мен жүргізуші куәлігін алу мәселелері бойынша Наурызбай ауданындағы Шұғыла, 222/2 және Жетісу ауданындағы Серіков көшесі, 6а («Құлагер» ықшамауданы) мекенжайлары бойынша хабарласа алады. Айта кетейік, бұрын ашылған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары Аққайнар көшесі, 1 («Саялы» ықшамауданы) және Майлин көшесі, 85-үй мекенжайларында орналасқан.

Сонымен бірге сіздерге ыңғайлы болуы үшін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мемлекеттік қызмет ұсыну процесін жеңілдету және сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау мақсатында көлік құралдарын тіркеу мен жүргізуші куәліктерін ауыстыруды онлайн-режимде іске асыру қызметі іске қосылды. «Электрондық үкімет» порталы арқылы көлікті тіркеу бойынша 3 мыңнан астам (Алматы бойынша 550), жүргізуші куәлігін ауыстыру бойынша 13 мыңға жуық (Алматы бойынша 1765) қызмет көрсетілді, — деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК басшысы.

Алматыдағы автокөліктерді тіркеу қызметін пайдаланушылар саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Сондықтан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында оларды электрондық форматқа көшірмекші. Алматылық ХҚКО-дағы қызметтердің цифрлық форматқа ауысуы  азаматтардың уақытын ғана емес, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлерінің жүктемесін де азайтады.

Мысалы, Алматының ХҚКО-ларында SmartPay провайдерімен бірлесіп fastpay.kz онлайн-сервисін пилоттық режимде іске қосты. Енді мемлекеттік қызметті тұтынушылар 37 қызмет ақысын тек банк картасының көмегімен ғана емес, WebMoney, Qiwi және WalletOne электрондық әмияндары арқылы да төлей алады.

Абылайхан Оспановтың мәліметінше, осы жылдың 11 айында №1 мамандандырылған орталық шамамен 400 мың автокөлікті тіркеп, 88,5 мың жүргізуші куәлігін берген. Орташа есеппен күніне 1600, қауырт күндерде 2 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі. №2 мамандандырылған орталықта орташа есеппен 500-700, қауырт күндерде 700-900 қызмет көрсетіледі.

ДереккөзTengrinews.kz