Республикалық ғылыми конференция Қарасай батырдың 420 жылдығына арналды

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді орындау мақсатында өткен шараны ҚазҰУ-дың археология және этнология факультеті, Алматы облысы және Алматы қаласы әкімдіктері, «Ақ Орда» республикалық қозғалысы және «Бәйдібек баба» қоры бірлесе ұйымдастырылды.

Конференцияны ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ашып, Қарасай батырдың ерлігін сөз етті.

Қарасай батыр Алтынайұлы — өзі өмір сүрген қоғамда халқына қорған болған, ел намысын жауға таптатпаған, есімін небір қиын-қыстау заман болса да халқы ұмытпай, ұранға айналдырған тарихи тұлға. Ол өмір сүрген кезең мен қазіргі кезең арасында 400 жылдан аса уақыт өтсе де, оның есімі ұмытылмай, халқының жадында мәңгі сақталып отыр. Бүгінгі конференцияда жасалатын баяндамалар Қарасай батырдың тұлғасы арқылы жалпы қазақ тарихындағы батырлар институты мен батырлық қасиеттердің пайда болуы мен эволюциясының мәнін терең түсінуге жол ашады. Қазіргі таңдағы қазақ елінің бүгінгі өкілдері мен болашақ ұрпағы үшін Қарасай батырдың және тағы басқа ел қорғаған батырлардың өмірі, ерлік істері, өнегесі өте қажет, – деді ректор.

Конференцияға жиналғандар батырдың болмысы мен қазақ тарихындағы ролін жан-жақты қарастырып, дәстүрлі батырлар институтының орнын, Қазақ-жоңғар соғысы кезеңіндегі қазақ батырларының ел қорғау жолындағы күрестерін талқыға салды.

Батырлар институты – ұлттық тарихымыздың ұлық әрі оқылуы толық аяқталмаған парағы. Ол бабаларымыздың ерлік өмір салтын, әлеуметтік қатынастарын бейнелеген, жеңіске құштарлығын қастерлеген құндылықтар жүйесіндегі бірегей құбылыс. Заманы мен қоғамның бәсекелік қабілетін, әскери ой-санасын, халықтың педагогикасы мен мәдениетін, қысқасы ұлттың болмыс-бітімін, мұратын, кодын сипаттайды. Ондағы жасампаздық идея мен болашаққа сенім нарқы батырлар әрқашан бетпе-бет келетін сын-қатерден, ажалдан, өлімнен биік әрі мықты. Батырлар — елін қорғау жолындағы шайқаста ажалмен, бар болумен немесе жоқ болумен бетпе-бет келген сын сағатында білім, білек, жүрек, отансүйгіш күш-қуатын іркусіз жұмылдырумен жеңіске жеткен немесе жеңістің алғышартын қалаған тұлға, – дейді ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов.

Сонымен қатар қатысушылар отанды қорғау жолындағы қазақ батырларының өмірі мен ерліктерін ғылыми тұрғыда талдап, оның жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі орны және «Мәңгілік елге» жеткізудегі маңызы жөнінде пікір алмасты.

Қарасай батыр — әйгілі қолбасшы, есімі шапырашты руының ұранына айналған аса көрнекті тарихи тұлға. Қарасай батыр Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегінде Қарасаз деген жерде дүниеге келіп, Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып, дүние салған. Батыр Көкшетау алабындағы Айыртау сілемінің Құлшынбай деп аталатын төбесінде жерленген.