Ұйымдастырушылар қарымды қаламгердің өмірі мен шығармашылығын жұрт жадында жаңғыртуды, жастарға насихаттауды мақсат етеді.
Кеш Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының және Қазақстан Жазушылар одағының тікелей қолдауымен ұйымдастырылды.
Басқосуға ҚР ҰҒА академигі, әдебиеттанушы, қоғам қайраткері Сейіт Қасқабасов, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлы, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар — Серік Негимов, Құныпия Алпысбаев, Рақымжан Тұрысбек, белгілі жазушы, сатирик Толымбек Әбдірайым қатысып, Ерғазы Рахымов туралы естеліктерін айтты. Кеште белгілі әнші Тұрсынғазы Рахымовтың «Аягөз», «Ақбөкен» әндері орындалды.
Рахымов Ерғазы 1938 жылы Қытай Халық Республикасының Дүрболжын ауданы Көзімсу ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Алматыда Абай атындағы педагогикалық институттың филология факультетін бітірген.
Ұзақ жыл бойы Аягөз аудандық Мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі, Аягөз аудандық «Алға» газетінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген.
Алғашқы өлеңдері мен көркем очерктері аудан, облыстық газеттерде жарияланып, оқырман қауымды тілінің шұрайлығымен, ойларының жаңашылдығымен елең еткізді.
Ерғазы Рахымовтың лирикалық өлеңдері, көркем очерктері мен қысқа әңгімелері қазақ оқырманына кеңінен таныс. «Өкпеті өрендері», «Мұңсызбайдың мұрагерлері», «Сүрі қар», «Тентек келін», «Терісайрық» әңгімелер мен повестер жинағы, «Зейнел күйі», «Жырлайды жүрек», «Ымырт пен қобыз» өлеңдер мен дастандар жинағы жарық көрген.