Демалыс күндері ауа райы қандай болады?

«Қазгидромет» РМК мамандары 8-10 желтоқсандағы ауа райы болжамын жария етті.

Мамандардың мәліметінше Қазақстан аумағының көп бөлігі бұрынғыдай Сібір антициклонының ықпалында болса да, тропосферадағы ауа ағындары бағытын солтүстіктен батысқа ауыстыра бастады. Бұл аралықта Орталық Азия бойынша Жерорта теңізінің шығысынан циклондар жылжып, олармен байланысты атмосфералық фронттар республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысына жауын-шашын, көбінесе қар, тұман мен көктайғақ әкеледі. Сонымен бірге республиканың батысында қар жауып, тұман түседі, көктайғақ болады және Қазақстанның басқа аумақтарына қарағанда ауа температурасы төмендейді.

8 желтоқсанда Қазақстаның басым бөлігінде антициклон ықпалынан күн аязды, жауын-шашынсыз болады. Республиканың батыс және оңтүстік аудандарында жауын-шашын, көктайғақ болады, тұман түсіп, жел соғады.

Алматы облысындағы Жалаңашкөл көлі ауданында 18-23 м/с жел соғады, екпіні секундына 28 метрге дейін күшейеді, түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі. Қызылорда, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде тұман түседі, 15-20 м/с жел соғады, таңертең және күндіз кей жерлерде көктайғақ болады. Түркістан облысында арагідік тұман түседі, таңертең және күндіз кей жерлерде 15-20 м/с жел соғады. Шығыс Қазақстан облысында тұман түсіп, жаяу бұрқасын соғады, 15-20 м/с жел соғады. Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында екпіні секундына 17 метрге жететін жел соғады. Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында тұман түседі, Қарағанды облысында 18 м/с жел соғады. Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады.