Қылмысты фотоға немесе видеоға түсірген куәгерлерге қаражат төленеді

ҚР ІІМ құқық бұзу жағдайларын фотоға немесе видеоға түсіріп алған азаматтарды ынталандыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы министр Қалмұханбет Қасымов Сенаттағы Үкімет сағаты барысында айтты.

Халықпен интерактив байланысты қамтамасыз ету мақсатында азаматтарды қоғамдық тәртіптің бұзылу фактілері туралы хабардар етуге арналған және кері байланысы бар мобильдік қосымшаны жасау мен енгізу көзделіп отыр, — деді министр.

Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, ведомство Канада, АҚШ, Австралия және Ирландия тәжірибесін зерттеген.

Ол жақтарда егер адам құқықбұзушылықты фотоға түсіріп, полицияға жіберсе және ол құқықбұзушылық расталып, кінәлі жазаланса, онда фотоға түсірген азаматқа ынталандыру қорынан қандай да бір мөлшерде қаражат төленеді. Біз сондай жоба жасадық, елімізде азаматтардың 78%-ы, яғни 14,2 миллион адам ұялы телефон қолданады. Адамдар фотоға түсіріп, жібере алады. Біз қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде осы бағдарламаны жасап жатырмыз: айыппұлдың 50%-ын біз мемлекетке жібереміз, 40%-ын бізге ақпарат жолдаған азаматқа береміз және 10%-ы бағдарламаны жасаған фирмаға кетеді, — деді Қалмұханбет Қасымов.

Министр бұл тәжірибенің қолданысқа сәтті енетініне сенім білдірді.

Ол бізге алғашқы жылдары қиындау болады деп ойлаймын, бірақ бұл құқықбұзушылықтарға деген төзімсіздікті анықтауға себеп болады, — деді Ішкі істер министрі.

ДереккөзZakon.kz