Бекболат Тілеухан: Тарихи сана тұғыры — ұлттық болмыс

«Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты».  

(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан).

Бекболат Тілеухан
Бекболат Тілеухан

Egemen Qazaqstan газетінде жарық көрген Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы — ұлт рухының айрық­ша салтанат құруына негіз болған ерекше оқиға!

«Ер қанаты — ат деп білген Алаш баласы әр сөзінің астарын атпен сабақ­тайды. Айтар ойын атпен байланыстыра бейнелейді.

Жылқы мінезді жұрттың адам ұлының мінезін, өмірінің әрбір белесін, тұлғаның қалыптасу кезеңдерін жылқымен қатыс­тыра суреттеуі – бұл құбылыстың дүние­танымымызға қаншалықты сіңісті болға­нына дәлел.

«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоға­лады» деген Ахмет Байтұрсынұлы, яғни сөзінің мәніне бойлаған ел өзінің бол­мысын танымақ. Атты әспеттеу – болмы­сыңды зерделеу. Сондығымен де осы мақаланың меңзері алыс, мәні терең.

Ұлттық код, генетикалық жадыңның бір ұшығы, қордалы қоры осында жатыр. Дәлелге тартсақ, мысалда қисап жоқ. Деген­мен еске түскен бірен-саран тіркес­терді тізіп көрсек.

Қоғамнан орын таппаққа бет алған жанды «қазекең ат жалын тартып мінді» десе, мансапқа қолы жеткенді «атқамінер» дейді. Ұшқыр (бұл да атқа қатысты сөз) ойлы жанды «ат сүрінгенше ақыл тапқан» деп, баршаның көңілінен шыққан кісіні «су төгілмес жорға» дейді.

Билік алғанды «екі тізгін, бір шылбырды қолына алған» десе, әріптесіне «үзеңгі жолдас» деп ат қойған.

Сыйы асып, елге еңбегі өткен егде кісінің қадіріне байланысты «жақсы аттың жағын ашпайды» дейді.

Ақылы асқан жасты «тайында тұлпар­дан озған» деп бейнелейді.

Өзі біліп, іс қылғанды «қамшы салдыр­мас» десе, ісі баяу жайбасарды «шабан» деген.

Істің байыбына бойламайтын, шала шешімді «атүсті» деп атап, аңқауды «астын­дағы атын алты ай іздеген» деп қағытады.

Ала қотырын үйірге жұқтырған кеселді малдай бүлікшілді «ел ішін ала тайдай бүлдірген» деп сипаттаса, кетіскен жанды «ат құйрығын кесісті», табысқан жанды «ат айналып, қазығын тапты» дейді.

Ақылы шолақты «ат құлағынан әріні көрмес» десе, әр нәрсеге орынсыз ұрынған сұғанақты «соқыр құлын аттан емшек іздейді» деп әжуалайды.

Ештеңе жақпайтын, қанағаты кем, шүкірсіз жанды «аты к..тін, к…ті атын жақтырмас» деуі анайылау болса да, айызды қандырғандай тіркес.

Өнер оздырғанды «ақтаңгер», бәсі жоғарыны «шоқтығы биік», жарысты «бәйге», таласты «дода» деуі, бәрі-бәрі — жылқымінез халықтың болмысымен біте қайнасып кеткен ұғымдар.

Берекені «ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деп суреттейді.

Айыбына ат-шапан беріп, бәсіреге тай атап, құрметтісіне ат мінгізу бұл сөз ғана емес, сан ғасырдан жеткен салт еді.

Ұлттық ойындарымызды да атсыз елестету әсте мүмкін емес. Бәйгеңіз де, аударыспақ, көкпарыңыз да, теңге ілу мен жамбы атуыңыз да ат үстінде өтеді.

Санаға сіңісті болған сөз орамдары — ұлттық болмысыңның ұстыны. Ат айбарым ғана емес, адамзат өркениетінде орнымды көрсеткен айғағым.

Аяғы жерден көтеріліп, атқа қонған қазақ ешкімге кеудесін бастырмаған. Тағы да атқа қоныппыз.

Тарихи сана қалыптаспай, мемлекет­шілдік сана орнықпасы белгілі. Ал тарихи сананың тұғыры қашан да ұлттық бол­мыстан.

Әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипа­тыңды сақтай отыра ілесу Елбасы мақала­сының негізі, өзегі деп түсіндік. Осындай игі бастамаға атсалысу — әрқайсымызға қастерлі міндет.

Бекболат ТІЛЕУХАН, Мәжіліс депутаты

ДереккөзAlmaty-akshamy.kz