Саясаттанушы Расул Жұмалы Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының тапсырмасымен «Дін мен дәстүр» жобасы аясында «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам университетінің студенттеріне қазіргі замандағы діни экстремизм мен терроризмнің қаупі туралы дәріс оқыды.
Араб елдерінде пайда болған діни экстремизм, яғни асыра сілтеушілік елімізде қайталанбасын десек, біз қазірден бастап жіберген қателіктерімізді ашық мойындауымыз қажет. Бізде қазірдің өзінде бөлінушілік бар: «Ауылдың қазағы», «Қаланың қазағы», «Сырттан келген қазақ», «Орыс тілді қазақ», «Қазақ тілді қазақ» тағы басқа. Енді осындай халде діни бөлініске түссек жағдайымыз не болмақ? Діни факторға әрдайым сақтықпен қарауға тиіспіз, — деді саясаттанушы.
Кездесуге қатысушылар да дәрістің тақырыбына сай пікірлерін айтып, сұрақтарына жауап алды.
Өзіміздің төл тұлғаларымыз бар екенін, жат мәдениетке еліктемей, өз бағытымызбен жүріп те, тура жолдан таймауға болатынын дәлелдегіміз келеді. Дін жолына түсеміз деп жүргенде араб мәдениеті, тіпті, еврейлердің мәдениеті бізге кері әсерін тигізе бастағаны жасырын емес. “Дін мен дәстүр” жобасы аясында дәстүр мен діннің сабақтастығын насихаттауымыз керек, — дейді ұйымдастырушы Бейбіт Нәлібай.
Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен шара діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл туралы бағдарламада көзделген ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экстремистік және террористік көріністерді болдырмаудың жалпымемлекеттік жүйесін жетілдіру мақсатында іске асты.