Қазақстандықтар кинотеатрларда қазақ тіліндегі фильмдердің жиі әрі ыңғайлы уақытта көрсетілуін талап етіп, петицияға қол қойып жатыр. Тиісті бастама Petitions247.com сайтында пайда болды. 30 қараша күнгі сағат 20.25-тегі мәлімет бойынша петицияға 748 адам қол қойған.
Біз Қазақстан аумағындағы барлық кинотеатрда қазақ тіліне дубляждалған кинотуындыларды халыққа ыңғайлы уақытта және өзге тілде көрсетілетін фильмдерден кем емес жиілікте көрсетілуін талап етеміз. Қазіргі уақытта кинотеатрларда фильмдердің қазақ тіліне дубляждалған сеанстары прокаттағы фильмнің 10%-ына жетпейді. Сонымен қоса қазақ тіліндегі сеанстар таңғы және түскі уақыттарда ғана көрсетіледі. Бұл біздің тұтынушы ретінде ақпаратты қазақ тілінде алу құқығымызды бұзады. Қазақстанның әрбір азаматының кинотеатрда қалаған киноны қазақ тілінде көру құқығы заңнамамен бекітілген, — делінген петицияда.
Қол жинаушылар Қазақстанның «Мәдениет туралы» заңының 28-4-бабынан үзінді келтірген.
1. Қазақстан Республикасының аумағында барлық фильмді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады. 2. Ұлттық фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және қажеттігіне қарай басқа да тілдерде жүзеге асырылуға тиіс. 3. Шетел телеарналарынан ретрансляцияланған фильмдерді қоспағанда, прокаттау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) барлық фильмге 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақ тiлiнде дубляж жасалуға тиiс. Сондықтан кинотеатрлар қазақ тіліндегі фильмдерді өзге тілдегі сеанстардан кем қоймауға және прайм таймда көрсетуге міндеттелуі тиіс, — дейді петиция авторлары.
Петиция авторларының бірі — журналист Белла Орынбетова азаматтық бастамасы жөнінде түсінік берді.
Егер жылына 3-4 рет прокатқа қазақ тілінде шығатын киноның өзін қазақ тілінде көре алмасақ, неткен сорлы халық едік?.. Бастапқыда депутаттар арасында да ұсыныс бар еді қазақ тілінде кино көрсеткені үшін кинотеатрларға жеңілідік жасайық деген. Бірақ ойлана келе бұл допингтің қажет емес екенін түсіндім. Біздің қазақ тілі сондай кембағал тіл емес қой, иә? Заң бар. Тіпті, прокатқа шығарылатын барлық фильм қазақ және өзге тілдеріне аударылсын деген. Үкімет қолынан келгенін жасады. Тек бизнеске араласып, «қазақша көрсет» деп міндеттей алмайды. Кинотеатрлар сұраныс жоқ деген сылтау айтады. Жоқ па сұраныс? Сенбеймін оған. Талап етейік, бар екенімізді көрсетейік, — деп жазды ол Facebook-тегі парақшасына.
Белла Орынбетова наразылық білдіргенге дейін кинотеатрлардағы қазақша сеанстарға қатысты ахуалды мұқият зерттеген. Мәселені әлеуметтік желіде бірнеше рет көтерді.
«Болашақ» корпоративтік қоры бүгінде Голливудтың 25 культ фильмін қазақ тіліне аударды. Аударма тамаша, дубляж керемет. Күні кеше «Ральф интернетке қарсы» анимациялық фильмінің әлемдік премьерасы болды. Премьераны біз көптен күттік, Диснейдің сүйікті кейіпкерлері күн сайын қазақ тілінде сөйлеп жатқан жоқ қой. Бірақ кинотеатрларда неге екені белгісіз, қазақ тіліндегі фильмдерді көрсетпейді. Мен Астананың барлық кинотеатрының кестесін қарап, бүгін кешке қазақ тілінде болатын бірде-бір сеансты таппадым. Кинотеатрларымыздың қожайындары мен әкімшілері «қазақша сөйлейтін балалар кинотеатрларға бармайды» немесе «қазақша сөйлейтін аудиторияның төлем қабілеті төмен екені сонша, тек түске дейінгі сеансты ғана көре алады» деп ойлайтын болар? — деп жазды Белла Орынбетова 23 қарашада.
Ал 25 қарашада ол кинотеатрлардағы қазақ сеанстарына кезекті бақылау жүргізгенін, мәселеге тағы да көз жеткізгенін хабарлады.
Кинотеатрлар қазақ аудиториясына қарсы сөз байласып алған сияқты. Дисней анимациялық фильмінің Eurasia Cinema 7 кинотеатрындағы жалғыз сеансына бардық. Барлық билет сатылып кеткен. Оған, әрине, қуандық. Енді ақылды болып, билетті онлайн сатып аламын деп ойладым. Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісі, нақты айтқанда, Chaplin MEGA Silk Way 17 сеанстың біреуін ғана қазақша қылып қойған және оның өзіне билет онлайн сатылмайды (қалғанының бәріне билетті онлайн сатып алуға болады). Жарайды, KinoPark 7 IMAX Keruen-ге барайын дедім, мұнда қазақша сеансқа онлайн билет алуға болады. Бірақ билет салып аларда ол сыпайы түрде басқа сеансқа (орыс тіліндегі) билет алуды өтінді, — деп жазды Белла Орынбетова.