Алматыда бос жатқан жерге балалардың спорт кешені салынды

Алматыда Тұңғыш Президент күні қарсаңында көпфункциялы «Жарыс Арена» спорт кешені ашылды. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоба демеушілер қаржысы есебінен жүзеге асты, кешен «Орбита-3» ықшамауданындағы №40 жалпы білім беретін мектеп аумағына орналасқан.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға және кем дегенде 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу қажет екенін айтқан еді.

Ел Президенті қойған міндеттерді орындау мақсатында Алматыда қаланың инфрақұрылымын модернизациялау, спорт орталықтары мен алаңдарын реконструкциялау және ашу жұмысы белсенді жүріп жатыр. «Жарыс Арена» спорт кешені — Мемлекет басшысы Жолдауын жүзеге асыру аясындағы алғашқы объект.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық спортты және еліміздің спорттық инфрақұрылымын дамытуға тұрақты назар аударып отыр. Жеке сектор мемлекеттің қолдауы барысында үлкен жұмыс атқарып отыр, соның арқасында балаларымыз спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын қалыптастыруда тамаша мүмкіндіктерге қол жеткізді. Уақыттан тыс кездері мұнда жақын орналасқан аудандар тұрғындары да спортпен айналыса алады, — деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек.

Жаңа спорт кешені мектеп жанындағы бос жатқан жерге қысқа уақыт ішінде тұрғызылды. Мұнда жасанды антиаллерген төселген бірнеше жабық футбол алаңы, волейбол және баскетбол ойнайтын бөліктер, ұзындығы 250 метр болатын жүгіру жолы, әйелдер мен ерлердің шешінетін және жуынатын бөлмелері бар.

Бұған дейін Алматыда қайта жасалған «Спутник» стадионында балалар үшін футболға арналған «Жас қыран» оқу-жаттығу кешені ашылған еді. 800 көрерменге арналған жаңа стадион шатырында ФИФА сертификаттаған дренаж желісі мен италиялық жасанды газонды алаңдар бар. Мұнда 500-ден астам жасөспірім футболшы жаттыға алады, футбол орталығының жаттықтырушылар штатында 50 адам жұмыс істейді.