Мирча СНЕГУР

Мирча Снегур
Фото: Kp.ru

Молдова Республикасының тұңғыш президенті. 1940 жылдың 17 қаңтарында туған. Мамандығы — агроном. Кеңес Одағы ыдыраған соң Молдова Республикасы 1991 жылдың 17 тамызында тәуелсіздігін жариялады. Ал бұдан бір жыл бұрын 3 қыркүйекте билік басына Мирча Снегур келген еді. Ол 1997 жылдың 15 қаңтарына дейін жеті жыл президенттік қызмет атқарды.

Қазақстанның Молдовамен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасы 1992 жылдың 27 шілдесінен бастап, яғни Снегур тұсында орнады.

Бұл елдің екінші президенті Петр Лучинский де — Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрдасы.

Сапармұрат НИЯЗОВ

Сапармұрат Ниязов
Фото: Tumen.kp.ru

Түрікменстанның тұңғыш президенті. 1990 жылдың 27 қазанында Түрікменстанға басшы болған ол 1940 жылдың 19 ақпанында туған. Мамандығы — инженер-энергетик. Сапармұрат Ниязов 2006 жылдың 21 желтоқсанында жүрек талмасынан қайтыс болды.

Түбі бір түркі елдері — Қазақстан мен Түрікменстанның тарихи-мәдени, экономикалық-әлеуметтік байланыстары тереңнен басталады. Ал ресми дипломатиялық қатынастарға биыл 26 жыл толды.

Петр ЛУЧИНСКИЙ

Петр Лучинский
Фото: Svoboda.org

Молдованың екінші президенті 1940 жылы 27 қаңтарда дүниеге келген. Мамандығы — филолог. 1997-2001 жылдары президент қызметін атқарды. Қазір Петр Лучинский — Lucinschi стратегиялық зерттеулер және халықаралық хатынастарды дамыту қорының президенті.

Табаре ВАСКЕС

Табаре Васкес
Фото: News.tut.by

Уругвай Шығыс Республикасының 39-президенті. 2005-2010 жылдары президент қызметін атқарды. 1940 жылдың 17 қаңтарында туған. Мамандығы — онколог. Васкестің президенттігі тұсында Уругвай раунды бойынша қабылданған міндеттемелер деңгейінде Қазақстан-Уругвай тауар айналымы дами түсті.

Абдуррахман УАХИД

Абдуррахман Уахид
Фото: Islamansiklopedisi.org.tr

Индонезияның төртінші президенті. 1940 жылдың 7 қыркүйегінде туған. 1999-2001 жылдары Индонезияның президенті болды. Мамандығы — дінтанушы, журналист. Саясаттанушылар өз халқынан қолдау таппаған Уахидтің билік басындағы қызметінің сәтсіз болғанын айтады. Төртінші президент 2009 жылдың 30 желтоқсанында дүниеден өтті.

Индонезия — 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін алғаш мойындаған мемлекеттердің бірі. Екі ел арасында дипломатиялық қатынас 1993 жылдың 2 маусымында орнады.

Йоахим ГАУК

Йоахим Гаук
Фото: Svoboda.org

Ол президент боп 2012 жылы сайланып, 2017 жылдың 18 наурызына дейін басқарды. Еңбек жолын протестант шіркеуінің пасторы болып бастаған. 1940 жылы 24 қаңтарда туған.

Қазақстан Германия Федеративтік Республикасымен 1992 жылдың 11 ақпанынан бастап дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Оған қоса, Германия Қазақстанның Батыстағы ірі сауда-саттық әріптесі саналады.

Мұхаммед Юсуф әл-МАКРИФ

Мұхаммед Юсуф әл-Макриф
Фото: Rus.azattyk.org

Ливия Республикасының басшысы, елдің Жалпыға ортақ Ұлттық Конгресінің төрағасы. Ұзақ жыл дипломатиялық қызмет атқарған.

Муаммар Каддафи диктатурасын құлатқан азаматтық соғыстан кейін өткен сайлаудың нәтижесінде 2012 жылдың 9 тамызында Ұлттық Конгресс басшысы болды. Бірақ ол Ливияны ұзақ басқарған жоқ. 2013 жылы 28 мамырда Мұхаммед әл-Макриф қызметінен кетті.

Қазақстан мен Ливия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 13 наурызынан бастау алады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!