Басты бетЖаңалықтарАлматыда журналистер...

Алматыда журналистер арасында дін тақырыбында өткен байқау аяқталды

Алматы қаласы прокуратурасының бастамасымен Ұлттық журналистік зерттеу орталығы ұйымдастырған дін саласындағы өзекті мәселелерге байланысты бірнеше номинациялар бойынша журналистер арасындағы үздік материалдар байқауы қорытындыланды.

Дін саласындағы өзекті мәселелерге байланысты журналистер байқауына 2018 жылдың 1 қаңтары мен 25 қараша аралығында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдар қабылданды. Үздік шығармалар жалпы жүлде қоры 1 000 000 теңгелік тоғыз номинация және бес ынталандыру сыйлығы бойынша сараланды.

Бұл байқаудың негізгі мақсаты – халық назарын дін саласындағы мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелеріне аудару, БАҚ арқылы тұрғындарды мемлекеттік саясаттың дін саласындағы әртүрлі құндылықтарының сақталуына бағытталған маңызды іс-шаралар жөнінде хабардар ету, дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша материалдарды жариялайтын журналистерді қолдау.

Үздік шығармалар байқауына 54 журналистен 120-дан астам материал келіп түскен. «Олардың барлығы дерлік тың әрі тереңнен зерттелген», — дейді ұйымдастырушылар.

Қазылар алқасының төрағасы белгілі публицист, ғалым, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы діни экстремизм тәрізді елдік пен теңдік мүддеге нұқсан келтіретін қауіптің алдын алуда журналистердің еңбегі ұшан-теңіз екенін атап өтті. Ал Алматы қаласы прокурорының орынбасары Берік Адамов мемлекет іргетасын нығайтудағы журналистердің еңбегіне тоқталып, «төртінші билік» өкілдерінің қызметіне ризашылығын білдірді.

Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасы діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Ерғали Көшекеев журналистердің еңбегін бағалауда осындай байқаулардың үлесі зор екенін жеткізді. Байқауға қатысты пікірін айтқан «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС президенті Досымбек Өтеғалиев «Алматы қаласы прокуратурасының жақсы бастамасы өзге де мемлекеттік мекемелерге үлгі болып, осындай қолдаулар жиі жалғасып тұрса»  деген ниет білдірді.

Байқау қорытындысына сәйкес, «Мерзімді басылымдардағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала» номинациясын «Заң» газеті бас редакторының орынбасары Сәкен Қалдыбаев, «Мерзімді басылымдардағы орыс тіліндегі ең үздік мақала» номинациясын Central Asia Monitor республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі  Сәуле Исабаева, «Интернет желісіндегі қазақ тіліндегі ең үздік мақала» номинациясын журналист Сейсен Әмірбекұлы, «Интернет желісіндегі орыс тіліндегі ең үздік мақала» номинациясын Sputniknews.kz желілік басылымының тілшісі Александр Мироглов, «Үздік телевизиялық бағдарлама» номинациясын «Азаттық» радиосы «Орталық Азия жаңалықтары» жобасының редакторы, бағдарлама продюсері Жұлдыз Төлеу, «Ең белсенді блогер» номинациясы Халықаралық «Қазақстан Заман» газеті бас редакторының орынбасары Бауыржан Кәріпов, «Үздік әлеуметтік бейнеролик» номинациясын «31-арна» тілшісі Ардақ Камал, «Үздік радиобағдарлама» номинациясын «Ретро FМ» радиосының редактор-жүргізушісі Гүлвира Биғалиева, «Әлеуметтік желілердегі ең үздік белсенді қоғамдық топ»» номинациясын «Инстаграм», «Фейсбук», «ВКонтакте» әлеуметтік желілеріндегі «Біз экстремизмге қарсымыз!» парақшасы жеңіп алды. Номинация жеңімпаздары Алматы қаласы прокурорының дипломы мен 100 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.

20 мың теңгелік «Ынталандыру» сыйлығы және арнайы дипломға «Ана тілі» ұлт газетінің тілшісі Бағдагүл Балаубаева, «КТК» арнасы «Аптап» бағдарламасының тілшісі Диас Нұрақын, Zakon.kz желілік басылымы арнайы репортаждар бөлімінің редакторы Торғын Нұрсеитова, «ОРТ-Еуразия» арнасы «Заң сөйлесін» бағдарламасының тілшісі Гүлнұр Бәйменова, Baribar.kz сайтының тілшісі Ақжарқын Қыдырханова лайық деп танылды.