Астананың 20 жылдығына арналған байқауда үздік ақындар анықталды

Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жас ақындар арасында ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздары белгілі болды. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Байқау жас таланттарды анықтап, олардың шығармашылығын қолдап, дамытуға бағытталған. Жоба биыл үшінші мәрте өткізіліп отыр. Біз жыл сайын жобаның деңгейін арттыруға тырысамыз. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ақындар қатысты. Сондықтан біз әрқайсысының шығармашылығын бағалау үшін 10 жүлдегерді анықтадық, – дейді Астананың қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин.

Марапаттау рәсіміне Парламент Мәжілісінің депутаттары, танымал ақындар мен жазушылар, Астана қаласының қоғамдық даму істері басқармасының басшысы және көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты.

«Астана – жастардың жүрегінде», «Астана – жиырмадағы жас қала» және «Еркін тақырып» — байқау осы үш тақырып бойынша өтті.

Байқау қорытындысы бойынша Дания Сатбекқызы бірінші орын, Оразай Жеңісұлы  мен Абай Араз екінші орын, Ақылжан Нағашыбай, Медет Божан, Әйгерім Күкеева үшінші орынды жеңіп алды. Бірінші орын алған шығыс қазақстандық Дания Сатбекқызы 300 мың теңге, екінші орын алған Оразай Жеңісұлы мен Абай Араз 200 мың теңге сыйақы жеңіп алды. Үшінші орын алған Ақылжан Нағашыбай, Медет Божан, Әйгерім Күкееваға 100 мың теңге табысталды. «Ең үздік 4 ақын» номинациясының жеңімпаздары 50 мың теңгелік сертификатқа ие болды.

«Мен үшін 400 ақынның арасында жеңімпаз болу – үлкен бақыт. Бұл күтпеген жағдай болды. Мен жарысқа қатысатыным туралы шешімді аяқ астынан қабылдадым. Ұстазым Айбек Қалиев шақырып, осындай жарыс өтетінін айтты. Ол кезде өтінім беру мерзімінің аяқталуына екі күн қалған болатын. Өлеңдерімді екі күннің ішінде жаздым, – деді байқаудың жеңімпазы Дәния Сатбекқызы.

Ең үздік 30 ақынның шығармасы енді кітапқа басылады.