Ауа райы: батыс пен солтүстік циклондары жауын-шашынға себеп болады

«Қазгидромет» РМК 28 қараша күні ауа райы қандай болатынын хабарлады. Мамандардың мәліметінше, батыс пен солтүстік циклондары Қазақстанға әлі де әсерін тигізеді, сондықтан жауын-шашын болып, кей жерлерде екпінді жел тұрады, солтүстікте бұрқасын соғады. Республиканың кей жерлерінде тұман түсіп, көше-жолдар көктайғақтанады.

Алматы облысының кей жерлерінде 15-20 м/с жел соғады, Жалаңашкөл көлі ауданында желдің екпіні секундына 25 метрге жетеді, кей жерлерде тұман түседі.

Ақмола, Қостанай облыстарының кей жерлерінде 15-20 м/с жел соғады, бұрқасын болып, тұман түседі, көктайғақ болуы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысында да арагідік бұрқасын соғып, көктайғақ болады, жел секундына 20 метрге дейін күшейеді.

Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейеді. Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында тұрғындарға ауа райының қолайсыз болатыны ескертілді.