Басты бетЖаңалықтарТүркістан облысы...

Түркістан облысы мен Шымкент цифрлық хабар тарату жүйесіне көшті

Бүгін, 27 қарашада цифрлық жерүсті теледидарларына көшу жобасы аясында Шымкентте аналогтық телевизияны өшіру рәсімі болып, Түркістан облысы мен Шымкент цифрлық эфирлік телехабар тарату жүйесіне қосылды.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2015 жылы қазіргі Түркістан облысы мен Шымкентте ЦЭТТ жүйесін енгізу жөніндегі жобаны жүзеге асыру аяқталды. Орталық теледидар және радио хабарларын тарату орталығына сәтті қосылуды қамтамасыз ету үшін және аймақтағы аналогтық хабар таратуды ажырату үшін 80 телерадиостанция салынып, модернизацияланды.

«Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасы Искандер Тәжібековтің мәліметінше, бұл станциялар 880 елді мекенді, яғни Түркістан облысы халқының 99,8%-ын қамтиды. Аймақта цифрлық хабар таратумен қамтылмаған әлі 20 елді мекен бар. Олар үшін жоғары сапалы телевизия қарастырылған. Қазіргі уақытта ЦЭТТ жүйесінің  қамту аймағына 1413 үй тіркелді, олардың әрқайсысы OTAU TV ұлттық спутниктік телеарнасына қосылған.

Түркістан аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарушы Меруерт Тоқсанбаеваның айтуынша, қазіргі кезде облыс әкімдігінің қолдауымен халықты цифрлық хабар тарату жүйесіне қосылу жөнінде ақпараттандыру үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

Аналогтық хабар өшірілгенге дейін Шымкентте 11 телеарна, Түркістан облысы бойынша 4 телеарна болды. Енді цифрлық эфирлік телевизия қосылғаннан кейін Шымкент пен Түркістан өңірі тұрғындары 27 телеарнаны көре алады.

Еске салайық, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірін аналогтық телехабар таратудан бірте-бірте ажырату жоспарланып отыр. Қазақстан 2021 жылға қарай цифрлық телерадио хабарларын таратуға толық көшеді.