Басты бет Таным Қазақстан мен Қытайды жалғаған Жоңғар қақпасы

Қазақстан мен Қытайды жалғаған Жоңғар қақпасы

Фото: Mytravelbook.org
Жетісу Алатауы, Бірліктау мен Майлытау жоталарының аралығындағы тауаралық ойыс, табиғи өткел Балқаш-Алакөл шұңқырын Ебінұр көлі арқылы Жоңғар жазығымен жалғап тұр.

Алматы облысының аумағындағы Жоңғар Алатауы мен Барлық жотасы аралығында, Қазақстан мен Қытай шекарасына жақын маңда атақты Жоңғар қақпасы бар. Бұл — көшпенділер тарихындағы ерекше аймақ. Бұл асуда Ұлы Жібек жолының ізі сайрап жатыр, ал XIII ғасырда Орталық Азияны жаулап алуға аттанған Шыңғыс хан әскері осы тау асуы арқылы жүріп өткен.

Жоңғар қақпасы — ұзындығы 50 шақырым болатын жіңішке тектоникалық жарық. Тау шатқалын биіктігі 300-400 метрге жететін терең жарықтар бөліп жатыр. Тау асуы Балқаш-Алакөл шұңқыры мен Жоңғар жазығының аралығында жалпағынан созылып жатыр.

Тау шатқалының кей жерлерінде ұсақ жылан мекендейтін қалың бұта мен қылқанды тоғай кездеседі. Солтүстікте Жоңғар қақпасының алдында Алакөл, оңтүстікте Қытай мемлекеті аумағында Ебінұр көлі бар. Тау шатқалының солтүстік бөлігінде Жалаңашкөл жатыр. Қақпаның сұлу көркі Ырғайты өзенінің солтүстік жағалауындағы жардан жақсы көрінеді.

Жоңғар қақпасы
Жоңғар қақпасы. Фото: Jas.kz

Тау дәлізі ерекшеліктерінің бірі — оның жіңішке, ұзынша келген аэродинамикалық пішіні. Сондықтан бұл жерде Қытайдан келетін құрғақ Ебі желі оңтүстік-шығыстан, ал Қазақстаннан есетін Сайқан желі солтүстік-батыстан соғып тұрады. Бұл екеуі ТМД аумағындағы ең күшті дауылдар қатарына кіреді. Кейде олардың жылдамдығы секундына 70 метрге дейін жетеді. «Қанды жел» атанып кеткен Сайқан — электр қуатын өндірудің таптырмас қайнары.

Қазақтың басынан өткен бірнеше тарихи жағдай осы тау шатқалымен тығыз байланысты. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ тарихының жылнамасына енген үлкен шайқастардың бірі осы жерде өткен. Оқиға XVIII ғасырдың бірінші жартысында болды. Жоңғар әскері қақпа арқылы өтуге дайындалғанда Әбілқайыр ханның әскері бірнеше күн бөгелген. Сол кезде 15 жасар Сартай деген жігіт кейін халық арасында «Мың бала» аталып кеткен жасөспірімдер жасағын жиған. Жас балалар қазақ әскері келіп жеткенше жоңғарлардың тегеурінін тежеу үшін өмірін қиған.

Ал 1969 жылғы 13 тамызда Қытайдың қарулы әскері осы жердегі КСРО шекарасынан заңсыз кірген. Ірі шекаралық жанжалға ұласқан оқиғадан Кеңес Одағының екі шекарашысы қаза тауып, тағы 10 шекарашы жарақат алған. Қытайдың 19 сарбазы өлтіріліп, үшеуі тұтқынға алынған. 1969 жылғы 11 қыркүйекте Бейжіңде екі ел арасындағы жауластық әрекеттерді тоқтату туралы шартқа қол қойылды.

Қазіргі уақытта Жоңғар қақпасы арқылы 1991 жылы іске қосылған «Транс-Азия» тасымалдау қызметінің теміржол дәлізі өтеді. Дәліз Азия мен Еуропаны өзара жалғастырып жатыр. Қытайдың Алашанькоу станциясы Ланьчжоу-Шыңжаң теміржолы бойындағы тау шатқалының оңтүстігінде, ал Қазақстанның Достық станциясы тау асуының орталығында орналасқан.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version