Басты бетЖаңалықтарАида Балаева...

Аида Балаева мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар байланысының келешегі туралы айтты

ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Астанада өтіп жатқан VІІІ Азаматтық форумда азаматтық сектордың келешегі туралы айтты.

Азаматтық форум барысында «Мен сенемін» тақырыбында сессия жұмысы өтті. Оған белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт модераторлық жасап, азаматтық сектордың болашағы жайлы әңгімеге ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаеваны тартты.

Қазіргі таңда әлемдік саясатта, қоғамдық бастамаларда әйелдердің белсенділігі туралы көп айтылады. Бұл ретте біздің елдегі жағдай қандай деп ойлайсыз?, — деп сұрақ қойды Дана Нұржігіт.

Бұл сауалға жауап берген Аида Балаева әйелдер мемлекеттің тірегі әрі қолдауы екенін атап өтті.

Бұл туралы Мемлекет басшысы да әрдайым айтып келеді. Елбасы «істі әйелдерге тапсырған дұрыс, себебі олардың жауапкершілігі мол» деп айтып отырады. Сондықтан әйелдердің жауапкершілігі мен еңбекқорлығы мол екенін айта кету керек. Әйел деген, ең алдымен — ана. Сол себепті барлық ауқымды тәрбиелік миссия әйелдерге жүктелген. Біздің мұғалімдер мен тәрбиешілер, аналарымыз шынында да, балаларымыздың ішкі дүниесін қалыптастырып, сол арқылы қоғамның іргесін қалайды. Бүгінгі таңда әйелдерге қандай жұмыспен айналысуды жөн деп тапса да, барлық жағдай жасалған. Ер болсын, әйел болсын, еліміздегі жауапкершілігі мол кез келген азамат өз мақсатына жете алады. Мемлекеттік қызметте де, журналистикада да, үкіметтік емес ұйымдарда да, барлық салада, — деді Аида Балаева.

Сонымен қатар Дана Нұржігіт азаматтық секторды күтіп тұрған өзгерістерге қатысты Аида Балаеваның пікірін сұрады.

Менің ойымша, өзгерістер күні ертең басталып кетуі керек. Тіпті бүгін де… Себебі, менің есептеуімше, осы форумдағы біздің кездесу көптеген маңызды әрі әлеуметтік мәселені шешуге бағытталған нақты шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді. Тиісінше, бұл шаралар өте тиімді болуы керек. Өйткені, бәрі де бір-бірін өзара ақпараттандырып іс атқарса, мақсат орындалады. Біздің осылай жиналып, мәселелерді талқылауымыздың маңызы зор. Басты құндылығымыз — азаматтардың амандығы мен тұрақтылығы. Әрбір кездесуіміз бірлескен жұмыстарымызды жетілдіре түсіп, диалогымыз конструктив бола түсер деген сенімдемін, — деді Аида Балаева.

Еске салайық, Астанада VІІІ Азаматтық форум өтіп жатыр. Елбасы қатысатын ауқымды шара екі күнге созылады.

ДереккөзInform.kz