Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласындағы тарихи сананы жаңғырту үшін ұсынылған жобалар қоғам қайраткерлері мен саясаттанушылар арасында қызу талқыланып жатыр. Baribar.kz осы бастама жөнінде белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғалидің пікірін білді.
«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының сипаты қазіргі заманға сай өте жеңіл, әлеуметтік желіге тән пост түрінде жазылған. Жалпы, бұл еңбек, меніңше, біздің алтын ұямыз — ұлы кеңістігіміз Ұлы далаға қатысты үлкен саяси құжат, яғни еліміздің жаһандық деңгейде өз орнын алуға деген саяси-рухани идеологиялық талпынысы жөніндегі бастама деп ойлаймын.
Бұл мақаланы тарихи-мәдени, өнер жағынан, жалпы гуманитарлық сала бойынша қарауға болады және осы сала бойынша біздің елдің дамуына үлкен бағдарламалық, тұжырымдамалық алғышарт болып отыр. Осыған байланысты сіз бен біз «Ұлы дала деген не?», «Ол қашан пайда болды?», «Ол әлемдік тарихқа, саясатқан қандай ықпал жасады?», «Әлемдік мәдениетке өзінің қандай ізін қалдырды?» деген сұрақтар аясында жұмыс істеуіміз керек. Жалпы, тарихымызға тереңдеу бойынша үлкен деңгейдегі зерттеулер еліміз егемендік алған уақытта басталған. Ал мына мақала оны енді жаңа сапаға көтеруіміз қажет екенін көрсетеді.
Шын мәнінде, Еуразиялық кеңістік деп отырмыз ғой, бұл кеңістік бұдан бірнеше мың жыл бұрын ата-бабаларымыздың салып кеткен ұлы кеңістігі болатын. Былай айтсақ, 6 мың жыл бұрын Ботай мәдениетіне байланысты адамзаттың атқа мінуімен көшпелі өмір салты пайда болды. Алайда мен атқа мінуден бастап ата-бабамыз көшпелілік өмір салтын қалыптастырды деп ойламаймын. Оның арғы жағында үлкен адамзаттық деңгейдегі тарих бар. Оның бір шеті Қытайда жатса, бір шеті Америкадағы үндістермен, ал оның тағы бір шеті оңтүстіктегі Үнді түбегімен де байланысты. Осы жерлерде біздің үлкен ата-бабаларымыздың салып кеткен ізі бар, оның картасы да бар. Соны біз қарауымыз керек. «Біз кімнің ұрпағымыз?», «Біздің тіліміз қашан қалыптасты?», «Біз өзіміз қалай қалыптастық?», «Неге көшпелі өмір салтын таңдадық?» деген үлкен ізденіске баруымыз керек, — деді Серік Ерғали.