Дүкен Алматы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің ғимаратында орналасқан. Сауда орнында калькулятор, төленетін ақшаға арналған арнайы жәшік бар. Сатып алушы қажетті тауарды алып болған соң өзі құнын есептейді. Қажетті соманы жәшікке салып, артық ақшаны өз бетімен қайтарып алады.
Бұл тәжірибені Скандинавия елдерінен алып отырмыз. Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетаным мен адалдық қағидаттарын қалыптастыруда «Адалдық дүкенінің» ашылуы біздің қоғам үшін әлеуметтік жауапкершілік сезімінің тамаша іргетасы болары сөзсіз», — деді Алматы облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев.
Дүкенде ешкім сатып алушыларды бақыламайды және тауардың ақшасын төлемей алып кетуіне кедергі жасамайды. Бейнебақылау камералары да, күзет те жоқ. Барлығы сенім мен адалдыққа негізделген.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдағы уақытта осындай «адалдық алаңдары» облыстағы жоғарғы оқу орындары мен колледждерінде ашылады.
Алматы облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «Жер жаннатын аялайық, жемқорлықтан арылайық!» атты айлық акция жариялаған еді. Акцияның аясында «Адалдық дүкені» жұмысын бастады.