Үкімет отырысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев электр энергиясы мен көмір тарифтерін түсіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ведомство электр энергиясына арналған шекті тарифтердің объектив деңгейін белгілеу бойынша жұмысты аяқтап қалды.
Екі компоненттің қосындысы бойынша электр энергиясының құнын төмендетудің орташа өлшемді деңгейі шекті тарифтердің қолданыстағы деңгейінің 25%-ы болады. Энергетика министрлігінің тәсілі тұжырымдамалы қолдау тапты, — деді Қанат Бозымбаев.
Министрдің айтуынша, жұмыс тобының отырысында электр энергиясы тарифінің шекті шамасын (1 МВт үшін 700 мың теңгеден 590 мың теңге шамасына дейін) төмендету қажеттігі туралы мәселе де ұсынылды. Бұл түпкі тұтынушылар үшін электр энергиясының құнын төмендетуді қамтамасыз етеді.
Біз осы аптаның соңына дейін электр қуатына жаңа тариф мөлшерін бекітуді болжап отырмыз. Бұл биылғы желтоқсанның бірінші он күндігінде орталықтандырылған сауда-саттық өткізуге мүмкіндік береді. Сауда-саттық нәтижесі бойынша энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясына шекті тарифтері бекітіледі, — деді энергетика министрі.
Қанат Бозымбаев екі аспектінің маңызын атап өтті: электр станциялары үшін «кем дегенде» қазіргі көмір бағасын сақтау және делдалдық құрылымдарды алып тастап, көмірді тасымалдау құнын төмендету; 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарда тарифтерді қазіргі шаманың деңгейінен төмендету.
Электр энергиясының және тауарлық газ бағасын төмендету шаралары Энергетика министрлігінің тиісті бұйрықтарын бекіту түрінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.