Батыс Қазақстан облысы BIM-технологияларына көшпек

Заманауи құрылыс саласындағы жобалау жұмыстарында бұрынғыдай қағазға сызба сызу қалып барады. Оның орнын 3D-ға негізделген BIM-технологиялары басуда.

Қазақстанның құрылыс саласы 2020 жылға дейін толығымен еуропалық стандартқа көшеді. Сондықтан оқыту үдерісіне ақпараттық модельдеу технологиясының (BIM) енгізілуі еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауға септігін тигізері анық. Яғни ендігі арада жобалаушы мен сараптама жеке кездеспейді, бұл саладағы бармақ басты, көз қыстыны қысқартады. Биыл сонау Кеңес Одағынан қалған құрылыс нормалары мен ережелерінің 186-сы күшін жояды. 2019 жылға дейін тағы 70-нен бас тарту жоспарлануда.

Еліміздегі кәсіптік білім беру саласына енгізу жобасына қатысты жұмыстар 2017 жылы басталған болатын. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына толық сай келетін жаңа жоба шеңберінде оралдық оқу орны финдік «Сollaprime» компаниясымен онлайн байланыс режимінде тренинг ұйымдастырды.

«Collaprime» 2016 жылы Финляндиядағы BIM-технологиялар саласындағы ең үздік BIM-жобасының жеңімпазы, «Global» сыйлығының лауреаты атанған. Қазіргі уақытта компания BIM-технологиялары бойынша 50 жобаны аяқтаған.

3D жобалауды енгізу құрылыс, мұнай-газ саласындағы жобалау жұмыстарын тиімді жүргізуге жол ашады. Бұл үлгіде дайындалған жобалардың ішкі көрінісін тапсырыс беруші визуалды түрде көре алады және өзгерістерін енгізуіне мүмкіндігі болады. Бұл келешегі бар жоба. Болашақта біздің оқу орнын аяқтаған мамандар 3D жобалауды өндірісте қолдана алады деп сенеміз. Финляндиялықтар қазір өндірісте 5D, 7D жобаларды қолдануда. Біздер де сол күнге жетеміз деп ойлаймын, – дейді оқу орны директоры Серік Мұхамбетәлиев.

Айта кетейік, жаңа жобаны енгізу үшін облыстық бюджеттен 133 млн. теңге бөлінген. Қараша айының соңына дейін финдік компания ВІМ-технологиясымен жұмыс істейтін құрал-жабдық әкеліп, колледж базасына орнатпақ.