Басты бетЖаңалықтарСұңғат Есімханов...

Сұңғат Есімханов Энергетика вице-министрі болып тағайындалды

ҚР Үкіметінің қаулысымен Сұңғат Есімханов Энергетика вице-министрі болып тағайындалды. Бұған дейін бұл лауазымда қызмет атқарған Анатолий Шкарупа ұсынылған өтініш бойынша қызметінен босатылды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

2014 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарған Сұңғат Есімханов 1973 жылы Павлодар облысында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1996 жылы «Алюминий Қазақстан» АҚ гидрометаллургия цехында инженер қызметінен бастаған.

2001-2007 жылдары Астана, Ақтау мен Қарағанды бойынша ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің құрамында маман, бөлім бастығы, департамент директоры қызметтерін атқарды. Ал  2008-2010 жылдары Павлодар облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды.

2010-2013 жылдары «Казахэнергоэкспертиза» АҚ президенті, 2013-2014 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің электр энергетикасы және көмір өнеркәсібі департаментінің директоры болып жұмыс істеді.

Еске салайық, бұған дейін ақпарат құралдары Энергетика вице-министрі болған Анатолий Шкарупаның екі айға тұтқындалғанын хабарлаған еді. Астана сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, санкция 2019 жылдың 16 қаңтарына дейін созылады.