Алматыда Шығыс пен Батыс медицинасының өкілдері өзара тәжірибе алмасты

22 қараша күні Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде кезекті Корея-Қазақстан ғылыми-техникалық семинары өтті. Шарада Қытай, Оңтүстік Корея және Өзбекстан медицинасында биік белестерді бағындырған мамандар өзара пікір-тәжірибе алмасты.

Дәстүрлі, Шығыс, Батыс және балама медицинаның айырмашылықтарын ашып көрсете білген мамандар семинар қатысушыларына біраз ой тастады. Олар аурудың профилактикасы мен диагностикасында және емдеуде халықтық тәсілдерге баса назар аудару керек екенін айтты.

Айта кетейік, Корея медицинасы дәстүрлерін қазақ еліне кеңінен тарату мақсатында Корея Республикасының Үкіметі биыл наурыз айында Алматыда «ЧонгЁн» емханасын ашқан еді. Омыртқа және буын ауруларын хирургиясыз жолмен емдейтін клиника мамандары Шығыс пен Батыс медицинасының жетістіктерін өзара тоғыстырған.