Қалтай Батхолдин: Президент көтерген бастамалар дер кезінде іске асырылуы керек

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласындағы тарихи сананы жаңғырту үшін ұсынылған жобалар қоғам қайраткерлері мен саясаттанушылар арасында қызу талқыланып жатыр.

Алматы технология университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Қалтай Батхолдин Президенттің бірнеше мемлекеттік бағдарламаға негіз боларлық бұл мақаласынан кейін ұлттық тарихи жәдігерлер ұлықтала түседі деп отыр.

Елбасының бұл мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспеттес болып отыр. Сонымен қатар мұнда тұжырымдалған мәселелер дер кезінде көтерілді деп есептеймін. Ұлтымыздың мәдениетін, тарихын терең білу үшін әлі де қаншама зерттеулер жүргізілу керегі аңғарылып тұр. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жұртшылыққа жеткілікті дәрежеде түсіндіре білсек, мәдениетіміз, тіліміз, ұлттық салт-дәстүріміз одан әрі жаңғырып, әлемдік деңгейге паш етуге мүмкіндік ашылады. Біздің тарихымыздың тым тереңде жатқанын бүкіл жұртшылық біледі. Сондықтан мұны көпшілік қызу қолдап, Елбасы көтерген мәселелер дер кезінде атқарылуы тиіс, — дейді Қалтай Батхолдин.

Проректор Президенттің «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы өзіне ерекше ұнағанын айтты.

Ата-бабаларымыздың тарихын зерттеп, олардың жасаған еңбектері әлемдік деңгейдегі тұлғалардан еш кем болмағанын дәлелдеуіміз керек. Сондықтан осы мақалада сондай жобалардың көтерілгеніне қатты қуанып отырмын, — дейді Қалтай Батхолдин.