Қоғам мүшелері Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа стратегиялық мақаласына қатысты пікір білдіріп, онда ұсынылған тарихи сананы жаңғырту бастамаларының маңызы туралы айтып жатыр.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезектің айтуынша, мақаладан жоғарғы мемлекеттік биліктің Қазақстан тарихы мен руханиятына деген қамқорлық сезіледі.
Елбасымыздың «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген қанатты сөзі бар. Демек, тарихтағы қилы, тағдырлы кезеңдердің ешқайсысынан біз ұялмауымыз керек. Өз тарихымызды зерделеп-зерттеп алмай, біз болашаққа нық қадам баса алмаймыз. Сол себепті Елбасының бүгінгі шыққан мақаласы көпшіліктің, зиялы қауымның, жалпы халықтың күткен, жарқ еткен дүниесі болды. Бұл біздің ұлы тарихымызға, ұлы даланың керемет бай қаһарман тарихына деген жаңа көзқарас қалыптастырады, — дейді ақын.
«Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаланың тарихи мәні зор бір тұсы бар, ол — «Архив-2025» атты бастама. Ақберен Елгезек Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бұл жоба ел мәдениетін дамытудың, рухани мұраны жаңғыртып, насихаттаудың жаңа кезеңі болады деген сенім білдірді.
Мақала әлем тарихынан қазақтың да ойып тұрып орын алуына көмектесетін жаңа бір серпін берді. Президент ұсынған «Архив-2025» жобасы жер-жаһанның түкпір-түкпірінен қазақ тарихына байланысты барлық деректі жинауға көмектеседі. Себебі, дерексіз, құжатсыз еш тарих жазылмайды. Сол арқылы ұлы даламыздың ақпараттық базасын жинақтаймыз. Деректер жиналғаннан кейін көкжиегіміз кеңейеді. Бұған дейін тарихымыздағы деректердің көбі аңыз-әпсана түріндегі келді ғой, — дейді Ақберен Елгезек.