Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары қандай министрлік қызметкерлері жұмыстан кеш қайтатынын айтты.
Агенттіктің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Равиль Төлебаев этика жөніндегі комиссияның отырысында мемлекеттік ведомство қызметкерлерінің жұмыста қаншалықты ұзақ отыратынын анықтауға арналған талдау нәтижесін жария етті. Оның айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері артық жұмыс істейді. Статистика қазақстандық ведомстволарға енгізілген қолжетімділікті бақылау мен басқару жүйесімен жасалған.
Бұл мемлекеттік органдарда қызметкерлердің жартысына жуығы артық жұмыс істейді, — деді Равиль Төлебаев.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің бас кеңесшісі Айнұр Еңсегенова Ұлттық экономика министрлігі мамандары қыркүйекте 4 970 сағат, Денсаулық сақтау министрлігі 3 100 сағат, Ауыл шаруашылығы министрлігі 552 сағат артық жұмыс істеген. Жұмыста көп отырғанымен бірге жекелеген органдардың қызметкерлері демалыс күндері де еңбек етуге мәжбүр болған.
Мемлекеттік органдардың мәліметінше, шамадан тыс жұмысқа тартылғаны үшін қызметкерлерге демалыс не өтемақы ұсынылмаған. Бұл заңбұзушылықтар үшін лауазымды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу қарастырылған, — деді Айнұр Еңсегенова.
Еске салайық, қазан айында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің алқа мәжілісінде сала басшысы Алик Шпекбаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру үшін тиісті жағдай жасау қажет екенін айтты. Соның бірі — жұмыс уақытын оңтайландырып, пилоттық жоба ретінде көптеген мемлекеттік органда сағат 18.30-да компьютерлерді орталықтандырылған жүйемен өшіру.