Қазақстан Президенті саладан ауысқан қаражатты ішкі істер органдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін жақсартуға және оларды әлеуметтік қорғауға бағыттауға бұйрық берді.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев қосымша ішкі резервтер іздеу мен тиімсіз әкімшілік шығындарды жою жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу қажет екенін айтты.
Полицейлер жалақысын арттыруға қосымша 21,4 миллиард теңге бөлінеді. Мұның бәрі — халықтың ақшасы. Салық төлеушілердің есебінен біз полицияны, армияны және соттарды қаржыландырамыз. Сондықтан азаматтар құқық қорғау органдарының өз міндеттемесін орындауын талап етеді, — деді Мемлекет басшысы.
Президент қылмыспен күреспен және қоғамдық тәртіпті қорғаумен тікелей айналысатын қызметшілердің баспана мәселесін шешу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы да айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, полиция қызметкері теріс әрекетіне байланысты ішкі істер органдарындағы қызметінен кеткен кезде барлық жеңілдігінен де айырылады.
Нұрсұлтан Назарбаев ішкі істер органдары қызметін модернизациялау туралы Ақордада өткен кеңес барысында айтты. Жиында Президент соңғы үш жыл ішінде ішкі істер органдарының арқасында елімізде қылмыс деңгейі 17,5%-ға төмендегенін атап өтті. Дегенмен саладағы реформадан соң полицейлердің саны 10%-ға қысқаруы керек. Президент артық нәрселерден арылып, қылмыспен күрес және құқық тәртібін қорғау мәселесіне ден қою керек екенін айтты.