Алматыда алғаш рет TEDxYouth ұйымдастырылды. TEDxYouth — жастарға арналған еркін конференция. «Теңел» тақырыбында өткен шарада 13 спикер болды. Оның тоғызы — жасөспірім, қалғаны — жастармен жұмыс істеп жүрген сарапшылар. Конференция жасөспірімдерге арналған. Олардың не қалайтыны, немен айналысқысы келетіні туралы ойы, перспективалары жайлы жасөспірімдердің өздері айтатын алаң құрылды. TEDxYouth спикерлері — әрқайсысы өзінше бірегей, идеясын, өмірлік тәжірибесімен бөлісуге дайын адамдар. Әрқайсының қозғаған тақырыбы жиналған қауымды бейжай қалдырмады.
TEDxYouth-ді қарашада ұйымдастыруымыздың өзіндік мағынасы бар. 20 қараша — балалардың құқығын қорғау күні. 1989 жылы 20 қарашада балалардың құқығы туралы Халықаралық конвенция қабылданды. Бұл — балалар құқығы бойынша ең танымал құжат. Себебі оған 196 ел қол қойған. Қазақстан да бұл тізімде бар, — деді ұйымдастырушылардың бірі Лейла Махмудова.
Қазақстанның тұңғыш феминисі Нәзипа Құлжанова 1924 жылы «Мектеп жасқа толмаған бала» еңбегінде баланы тұлға ретінде қабылдау керектігін сөз етеді. Біз баланы өзіміздің кішірейген халіміз сияқты көреміз. Бірақ бұл олай емес. Бала үлкендерден ерекше, бәрінен бұрын ол — тұлға. Бұл тақырып сонау 20-жылдары басталғанына қарамастан кейін ұмытылғандай. Ал қазір балаға тұлға ретінде қарап, оған құлақ түру жаңа жолға қойылғандай. TEDxYouth@AbaySt те сол мақсатта ұйымдастырылған конференция, — дейді медиазерттеуші, ұйымдастырушы Молдияр Ергебеков.
Спикерлердің арасында «Қазақстан жастары ақпараттық қызметі» қорының директоры Ирина Медникова болды. Ол бүгінде өзекті тақырыпты қозғап, жастар аудиториясын зерттеген. Зерттеу негізіне ТМД-ның Армения, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Украина елдерінің жастары мен оларға арналған бағдарламаларды талдады. Бұл зерттеу мен оның нәтижелері жөнінде Ирина Медникова TEDxYouth алаңында айтып берді.
Қазақстан жастарының басты құндылығы не?
14-20 жастағылардың арманы қандай? Олар нені бағалайды? Қандай мұқтаждықтары бар? Бір жағынан олар — 9-11-сынып оқушысы, екінші жағынан — студенттер. Зерттелген елдерде олар — халықтың 1/3 бөлігі. Олар бүгін мемлекеттен, бизнестен, қоғамдық ұйымдардан, халықаралық донорлардан қандай ұсыныс алып жатыр? Мен барлық саяси емес, діни емес, тегін бағдарламаларға зерттеу жасадым.
Жастар арасында басты құндылық — сапалы білім. Бұл Ресей, Украина, Армени мен Қырғызстанда жүргізілген зерттеу нәтижесінде дәлелденді. Ал Қазақстан жастарының таңдауы өзгеше. Біздің жасөспірімдер бірінші орынға отбасылық құндылықтарды қоятын болып шықты. Ата-анасының отбасы мен өзінің отбасын құру мәселесі олар үшін маңыздырақ. Содан кейін ғана денсаулық, өзін-өзі дамыту, білім тұр. Сауалнама нәтижесінде осындай тұжырым жасадық.
Бұл цифрлар негізінде жасалған зерттеулер бойынша да расталды. Мысалы, Фридрих Эберт атындағы қордың 2017 жылғы зерттеуіне сүйенсек, жастардың 73%-ы отбасын құруды жоғары білім алудан маңызды деп санайды. Ал 67%-ы мансап құруды емес, отбасылы болуды бірінші орынға қояды екен.
Жастардың білімге қатысты талабы өзгерді
Білім — жастардың құндылықтарының арасында алдыңғы қатарда. Соған қарамастан олар қазіргі білім жүйесіне қанағаттанбайды. Жас ұрпақ сапалы білім алғысы келеді. Сондықтан еуропалық, америкалық білімді әлдеқайда жақсы деп танып, шетелде оқығысы келетін жастар көп. Мен зерттеген бес елдің жасөспірімдері шетелде оқу үшін өз елінен кетуге, ол жақта қалуға дайын.
Білім беру формаларына қатысты жаңа сұраныстар пайда болды. Бүгінде оқу жеңіл әрі көп уақыт алмауы керек. Сарапшылардың айтуынша, жастарды оқыту сессиясы орта есеппен 20 минут екен. Сонымен қатар интерактив формат лекция форматынан асып түсті. Жаңа буын бәрі тең, горизонтал, желілік тәсілмен ұйымдасқан аудиторияны, дискуссияны жақсы көреді. Оларға тапсырма беріп, сабақ үйрететін лектор керек емес, дискуссияны не ізденісті бағыттап отыратын модератордың болғаны маңызды.
Жастар арасында бір-бірімен тіл табысу, топта жұмыс істеу қабілеті төмендеді. Менің сарапшыларымның бірі Мәскеудегі жоғары экономика мектебінің профессоры студеттеріне топтық жұмыс беріп, оларды бөледі. Біраз уақыттан соң студенттер келіп, бір-бірімен келісе алмайтынын айтып, үш адамнан топқа бөлуін сұрады. Басқа да сарапшылар жаңа буын арасында үш адамнан көп топтар тез ыдырайтынын айтады.
Тағы бір айта кететін нәрсе — қыз балалар қоғамдағы өзіндік функциясын қайта қарастырып жатыр. Тіпті, Қазақстан мен Қырғызстанның дәстүрлі қоғамында қазір қыздар өздерін жай ғана ана мен жар ретінде көрмейді. Олар өз позицясын түрлі салада қалыптастырған. Бес елде де қыздардың ғылым мен технологияда белсенділігі артқаны байқалды. Мысалы, Қырғызстанда қыздар спутник құрастыру жобасын іске асырып жатыр. Ал Қазақстанда әлем бойынша ғылыми іс-тәжірибеден өтуді ұйымдастыратын Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры осы жылы 10 гранттың жетеуін қыздар жеңіп алғанын хабарлады.
Жас мамандарға жұмыс берушілердің көңілі толмайды
Зерттеу барысында сарапшылар да, жастар да тағы бір үлкен проблема туралы айтқан. Мамандар жастардың өз ойын ашық айта алмайтынын анықтады. Олар үшін көбіне ересектер шешім қабылдайды. Мұны жасөспірімдер арасында жүргізген сауалнама дәлелдеді. Оларда мотивация болмағандықтан еріншектік пен апатияға жиі бой алдырады.
Еңбек нарығына келсек, жас ұрпақ үшін офистегі дәстүрлі жұмыс қызық емес. Олар интернет пен әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге бейімделген. Сарапшылардың айтуынша, жұмыс берушілер жас мамандарды көбіне әлсіз деп бағалады. Әңгімелесуде олар жақсы жағынан көрінгенімен жұмыс үрдісінде айтқан нәрсесін толық орындай алмайтын болып шығады.
Менің респондентімнің айтуынша, жұмысқа қолынан ештеңе келмейтін, бірақ өршіл жоспарлары бар, шаршаған жастар келеді. Ол жас мамандарға жұмыс істеуді үйретіп қана қоймай, мотивация беріп отыруға мәжбүр.
Айтпақшы, сізге мотивация жаңа бір эволюция боп көрінбей ме? Бүгінде жастар қауымы мотивацияны алтындай көріп, іздейді. Тренинг, конференция, менторлық бағдарламаларға жиі жиналады. Меніңше, бұрын қолында ақпараты бар X пен Y ұрпақ әлемді басқарса, енді Z ұрпақ энергияға толы, мотивация беретін, қанаттандыратын жастар болмақ.
Жастарға арналған бағдарламалар қаншалықты нәтижелі?
Жастарға арналған бағдарламалар олардың қажеттіліктерін өтемейді. Біз мемлекет, қоғамдық ұйымдар, бизнес өкілдері ұйымдастырған діни емес, саяси емес, тегін бағдарламаларды зерттеп, осындай тұжырымға келдік.
Мемлекеттік бағдарламалар жастардың көбін қамтып отыр. Ресей, Қазақстан мен Арменияда қоғамдық мәселелер мемлекеттік бағдарламамен оқыған жастар арқылы шешіледі. Мысалы, алыс ауыл-аймақ пен аудандардағы кадр мәселесін шешуді «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қарастырған. Еңбек лагерьлері, мемлекеттік мекемелердегі жөндеу жұмыстары, қоғамдық аймақтарды көгалдандыру, балаларға арналған демалыс орындарында жетекшілік етуді қамтыған «Жасыл ел» жобасы бар.
Бұл жобалар жастар саясатындағы ең сәтті бағдарлама деп есептеледі. Иә, жұмыс, тұрғын үй бар. Бәрі жақсы боп көрінуі мүмкін. Бірақ, меніңше, жастар арзан жұмыс күші болуды ойламайды. Техникалық жұмыспен айналысқысы келмейді. Ешкімнің қолына алуға ниеті жоқ жұмысты істеуден қашады. Меніңше, жаңа буын жастық шағының қызған уақытында, құрдастары шетелде болашақтың мамандығын қалыптастырып жатқанда ауылға көшуді армандамайды.
Мемлекеттік бағдарламалар білім сапасын қалай арттырмақ? 24 жылдық тарихында бәріне белгілі «Болашақ» бағдарламасы 9500-ден астам маманды оқытқан. Бірақ Қазақстанда 3,5 миллион жаңа буын өкілі бар. Ендеше, бұл бағдарлама да көптеген жасты сапалы біліммен қамтамасыз ете алмайды.
Жастарға арналған бағдарламалар нарығында мемлекет жалғыз емес. Ол саны жағынан жасөспірімдердің көбін қамтиды. Бірақ сапа жағынан қоғамдық ұйымдар мен халықаралық донорлық жобалар алда тұр. Мысалы, Армения мен Украинада Erasmus деген тегін білім беретін бағдарлама бар. Ал зерттелген бес елде де бейресми білім беретін қоғамдық ұйымдар ұсынған бағдарламалар аз емес. Олардың арасында жеке тұлғалық даму жөніндегі тренингтен бастап, базалық мамандандырылған бағыттағы оқытуға дейін бар. Мұндай жобаларға видеотүсірілім мен монтаж, журналистика, құқық, сияқты салалар бойынша өтетін тренингтерді жатқызуға болады.
Жастарға арналған бағдарламалар нарығында бизнес өкілдері де бар. Нарық енді-енді жанданып жатыр. Мысалы, Microsoft, «Яндекс», Samsung компаниялары 9-10-сынып оқушыларына бағдарламалауды үйрету жобасын іске қосты. Мәскеуде бұл бағытта білім беретін 9-сынып оқушыларына арналған екіжылдық курс та бар.
Сонымен жастардың негізгі проблемалары — сапалы білімге мұқтаждық, жұмысқа орналасудағы қиындықтар, баспанасының болмауы. Ал біздің зерттеулердің нәтижесінде Қазақстандағы бағдарламалардың бұл үш қажеттіліктің бірде-біреуін түпкілікті өтей алмай отырғаны белгілі болды.