Басты бет Жаңалықтар Футболдан Қазақстан құрамасы Польшамен тең ойнады. Есеп 2-2

Футболдан Қазақстан құрамасы Польшамен тең ойнады. Есеп 2-2

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңін сәтті бастады. Отандастарымыз Астанада Польша ұпайымен тең ойнап, алғашқы ұпайына қол жеткізді.

Бірінші таймды Польша құрамасы аса сәтті өткізіп, есепте екі доп басымдығымен алға шықты. 9 минутта Қазақстан құрамасының қорғаушылары қателікке бой алдырып, бұл сәтті Бартош Капустка голға айналдырып кетті. 35 минутта айып алаңында Елдос Ахметов Роберт Левандовскийге қарсы ереже бұзып, бас төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Мюнхендік «Бавария» шабуылшысы пенальтиден мүлт кетпеді.

Роберт Левандовскийдің қазақстандық футболшыларға қарсы дөрекі ойыны

Екінші гол соғылғаннан кейін қазақстандық футболшылардың шабуылы ширай түсті. Алғашқы 45 минут аяқталғанша отандастарымыздың есепті қысқартуына да мүмкіндік болған. Ұлттық құрама капитаны Бауыржан Исламхан поляк қорғаушыларын алдап өтіп, қақпашы Лукаш Фабианскиймен бетпе-бет шыққан. Өкінішке орай, алматылық «Қайратта» ойнайтын футболшы мергендігімен көзге түсе алмады. Сондай-ақ Исламбек Қуаттың баспен бағыттаған соққысы да қонақтар қақпасына айтарлықтай қауіп төндірді. Одан өзге Аркадиуш Миликтің екі соққысы қақпа бағанынан қайтты.

Екінші таймды Талғат Байсуфинов жаттықтыратын Қазақстан құрамасы ширақ бастады. 51 минутта Сергей Хижниченко өзіне асырылған допты сәтті тоқтатып, есепті қысқартты. Ұлттық құраманың әлем чемпионаты іріктеуіндегі алғашқы голын соқты. Шабуылын үдеткен Қазақстан құрамасы араға 8 минут таразы басын теңестіре білді. Мақсат Байжановтың асырған добын Сергей Хижниченко қарсыластар қақпасына тоғытты. Нәтижесінде таразы басы теңесті.

Есеп теңескеннен кейін Қазақстан құрамасы қорғанысқа ден қойып, Польша құрамасы шабуылға ұмтыла түсті. Отандастарымыз сәтті қорғанып, есепті сақтап қалды. Сақтап қалып қана қоймай, жеңіске жетуіне де мүмкіндік болды. Дегенмен 2:2 есебі сақталып, құрамалар бір-бір ұпайдан бөлісті.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version