Назарбаев: Біздің халық дәл қазіргідей жақсы өмір сүрген емес

Президент қазіргі уақыттағы дағдарыс туралы өз пікірін айтты.

“Біздің халық дәл қазіргідей жақсы өмір сүрген емес”, – деп бастады өз сөзін мемлекет басшысы.

“Біздің жетістіктер аз емес, қазір әлем жылдам қарқынмен дамуда, өзге дәуір басталды. Бүгін Қазақстан экономикасына әлем бағасының құлдырауынан туындаған бірталай ішкі факторлар әсер етуде”, – дейді президент.

Мемлекет басшысы жаһандық дағдарыстан ешкім сақтанбағанын алға тартты.

“Жаһандық дағдарыстан ешкім сақтанбаған… Биылғы жаһандық дағдарыс барлығын шарпуда… Экономикалық өсудің баяулауы барлық әлем экономикасында орын алуда. Әлемдік ЖІӨ көрсеткіштерінің ұдайы төмендеуі ешкімді таң қалдырмайды”, – деп жалғастырды Назарбаев.

Қазақстанның мұнайсыз да күн кешкен кездері болған. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында осылай мәлімдеді.

Сөз арасында елбасы жаһандық дағдарыс мәселесіне тоқтала келе, оның тек қана қауіп-қатер ғана емес екенін, жаңа мүмкіндіктер де ұсынатынын атап өтті. Президенттің айтуынша, әлемдік масштабтағы компаниялардың басым бөлігі дағдарыс кезеңдерінде аса табыстылыққа қол жеткізген. Соңғы жүзжылдықтарда табысқа қол жеткізген барлық дерлік мемлекеттер де өз дамуын тақыр жерден бастаған.

“Біздің Қазақстанымыз да, естеріңізге алыңыздар, КСРО күйреу дәуірінде өмірге келді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы онжылдығы ең қиын жылдар болды. Біз егер еске алсақ, мұнайсыз-ақ күн кешкенбіз. Тәуелсіз Қазақстан қашанда сыртқы экономикалық қатерлерден тыс дамып келді. Тоқсаныншы жылдардың басы біз үшін жайлы болды деп кім айта алады?” – деді Назарбаев.

Осыны айта келе, елбасы ондай қиыншылықтар тез ұмытылып қалатынын, бұның жақсы қасиет екенін, дегенмен еске түсіруге тура келетінін айтты.

“КСРО құлдырап біз соның жеке сынығы болып қалып, қайда баратынымызды, не істейтінімізді білмей, не қаражатсыз, не көмексіз қалған кезіміз де болды. Экономика тоқтап, ел жұмыссыз қалды. Зейнетақы төлейтін қаражат та болмады. Сондай, шынын айтқанда, ең қиын кездерді де бастан кешірдік. Тәуелсіздігімізді сақтап қалып, мемлекетті нығайттық. Ендеше, бізге бірігу арқылы алдағы қиыншылықты еңсеру де еш қиынға түспейді”, – деді Назарбаев.

Президент әлемнің тұрақсыз болып бара жатқанына баса назар аудартты.

“Әлем тұрақсыз болып кетті, көшбасшы державалар бір-біріне қарсы санкциялар енгізуде. Олардың арасында сенім төмендеп кетті. Күн сайын террорлық шабуылдар туралы хабаралмалар келуде, адамдар өлімі туралы хабар үйреншікті дүниеге айналды. Әлемге халықаралық терроризм үлкен қауіп төндіруде”, – деп жағдайды баяндады Назарбаев.