Биыл Серікбол Қондыбай шығармашылығын зерделеушілердің және Маңғыстау облысы әкімдігінің тапсырысымен «Қазан» студиясы ол туралы деректі фильм түсірді. Фильмнің ұзақтығы — 26 минут. Режиссеры — Әсия Байғожина. Көрермен оны «Жарияланбаған демонстрация хроникалары», «Елім-ай», «Сенім жолында» фильмдері арқылы таниды. Ол бұл жұмысты өте аз уақытта аяқтаған. Фильмнің сценарийін ғалымның бірнеше кітабын орыс тіліне аударған мәдениеттанушы, редактор Зира Наурызбаева жазды. Деректі фильм алғаш биылғы жазда ғалымның жерлестеріне арнап Ақтауда өткен халықаралық конференция аясында көрсетілген.

Серікбол Қондыбайды зиялы қауым «қазақтың екінші Шоқаны» дейді. Өйткені оның ғұмыры тым қысқа болды. Бірақ бар өмірін қазақтың тарихы мен мәдениетін, салт-санасын жаңғыртуға арнады. Оны түбегейлі зерттеуде аянбай еңбек етті. Ол — өлкетанушы, тарихшы, мәдениеттанушы, географ, этнограф әрі публицист.

Серікбол Қондыбай
Фото: жеке архивінен

Серікбол Қондыбай 1968 жылдың 14 наурызында Маңғыстаудың Қарақия ауданы Құрық кентінде дүниеге келген. 1975-1985 жылдары Шетпе кентіндегі №3 мектепте білім алған. 1991 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде «географ-геоморфолог» мамандығын бітіріп, еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастаған. Кейін аудандық «Білім қоғамы» газетінде жауапты хатшы, аудандық байланыс торабында монтер болып қызмет еткен. Серікбол 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» көтерілісіне қатысты. 17 желтоқсанда ұсталып, 10 күн қамауда отырған.

Серікбол Қондыбай
Фото: жеке архивінен

25 жасында пойыздың рельсіне аяғын қыстырып, мүгедек болып қалды. Одан кейін 9 жыл өмір сүрді. Аяғымнан айырылдым деп сарыуайымға берілген жоқ. Сол жылдары Серікбол ғылымға түбегейлі бет бұрып, көп еңбек етті. Қазақ мифологиясына арнап 16 том кітап жазды. Қазір оның еңбектері орыс және ағылшын тілдеріне аударылып жатыр. Оның туған жері Шетпе ауылында еліміздегі бірінші және бірегей мифология музейі ашылды. Қондыбай ғылыми оқуы дәстүрге айналып келе жатыр. Ол Ақтауда, Алматыда, Астанада және Қызылордада жыл сайын өткізіледі. Ақтаудың мектептерінің біріне оның аты да берілді.

Серікбол Қондыбай
Фото: жеке архивінен

Серікболдың әпкесі Балсұлудың айтуынша, төрт томдық кітапты ол бір жылдың ішінде жазып шыққан. 2004 жылы дүниеден өткенде көпшілік 10 жылдан кейін оның еңбектерінің басылып, xалықтың ықыласына бөленеді деп ойламаған еді.

Балсұлу Қондыбай
Фото: Азамат Құсайынов

Серікбол «Қазақ мифологиясына» кіріскенде ешкімнен пікір күтпейтінін, өйткені уақыты шектеулі екенін айтты. Өзі бәрін сезгендей жанталасып еңбек етті. Сол еңбегін жазып болған соң дүниеден өтті. Ол апатқа ұшырамай тұрып ылғи көп нәрсе жазғым келеді, бірақ мектептің жұмысынан қолым тимей жүр дейтін. Аяғынан айырылып, сал болып қалғанда «Сен қалаған соң Құдай саған алаңсыз отырып жұмыс істеу үшін қиын болса да, осындай мүмкіндік берді. Енді сол мүмкіндікті пайдалануың керек» деп өзімді де, Серікболды да жұбаттым, — дейді Балсұлу Қондыбай.

Серікбол Қондыбай өзінің көзі тірісінде жарық көрген «Арғықазақ мифологиясы» төрт томдығын «Уа, Тәңірім! Қазақтың табысынан бұрын намысын қайтарып бере гөр! Тәңірім, қазақты және Қазақстанды жарылқа!» деген сөздермен бастайды. Өзі туралы «Осы кітаптың авторы ғалым емес, тек қазақта мифологияны зерттеуге қажетті нендей дүниелердің (мысал, тақырып, ой) бар екендігін бір кітапқа жинақтап, түгендеп, есебін алуды, олармен көпшілікті таныстыруды мақсат еткен, инвентаризация жүргізуші «завхоз» ғана. Мен ұлы мұраның нобайын ғана көрсете алдым», — дейді.

Серікбол Қондыбай
Фото: Азамат Құсайынов

2005 жылы Серікболдың шығармаларына арналған бірінші республикалық ғылыми-теориялық конференция өтеді. Бұл конференция Ақтауда жалғасын тапты. Конференциядан кейін Зира Наурызбаева, Мұрат Әуезов бастаған мәдениеттанушы ғалымдар «Алтын Орда» газеті арқылы Иманғали Тасмағамбетовке ашық хат жазды. Сол хаттан кейін Тасмағамбетовтің өзі Шертпелегі Серікболға хабарласып, қандай бұйымтайы бар екенін сұрағанда жазған төрт томдық еңбегін басуға қол ұшын созуды сұрайды. Сол кезде Серікбол қатты қуанды. Иманғали Тасмағамбетов одан бөлек Астана, Алматыдан үй ұсынғанда бас тартады. Өйткені ауылдан ешқайда кеткісі келмейді.

Серікбол Қондыбай

Фото: Азамат Құсайынов

Серікбол Қондыбайдың үлкен әпкесі Балсұлу Қондыбай бауырының шығармашылығына арналған кез келген шараның басы-қасында жүреді. Анасы екеуі Серікболдың «Маңғыстау географиясы» деп аталатын алғашқы кітабын басып шығаруға көмектескен. Келешекте оның барлық жазбасын жинақтап, басып шығарғысы келеді. Фильмде Зира Наурызбаева, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, тарихшылар Марат Сембин, Талас Омарбеков, географ Лариса Веселова, тіл зерттеушілері Нұргелді Уәлі, Қайрат Жанабаев, драматург Әннес Бағдат, өлкетанушы Мұрат Ақмырзаев және Серікболдың курстастары Қайрат Қортықов, Рыскүл Құдайбергенова, Бекжан Садықов пен Салават Дүйсенбаевтар мәдениеттанушының өмірі мен еңбектері туралы айтады.

Арамыздан ерте кеткен талантты ғалым Серікбол Қондыбай — ұлттық руханиятымыздағы аса сирек құбылыс. Ол этнография мен археология, география мен ономастика, агиография мен теология, эпос пен тарих, мифология мен философияны зерттеп, түріктануға көп үлес қосты. Ол отандық ғылым үшін жемісті болар жаңа бағыт бастап берді. Ол қалдырған мұраның деректік, пайымдамалық құндылықтары мен мәнділіктерін зерделеу — қазіргі ұлтты танудың қалыптасуы мен кемелденуіне оң ықпал етері сөзсіз. Арманда кеткен азаматтың жер бетіндегі ізі суымай жатып, ол қалдырған еңбектердің сиясы кеппей тұрып ғылыми сарапқа түсуі – аса сүйінішті жағдай, — деген Әбіш Кекілбай көзі тірісінде.

Серікболдың артында қалдырған рухани мол мұрасын тану үшін, жасалған ғылыми тұжырымдардың парқын пайымдап, құндылық деңгейінің қаншалықты маңыздылығын сараптап, жете түсінуіміз үшін, ең алдымен, осы мұраларды тудырушы Серікболдың өзінің кім екенін, оның азаматтық болмысын танып білуіміздің, дұрыс түсінуіміздің маңызы зор. Бұл оның Маңғыстаудың тумасы немесе қай университетті бітіргенін білу емес. Мәселе — әлемдік өркениеттен тысқары, шалғай жерде өмір сүріп, тым қысқа ғұмыр кешкеніне қарамай, қыруар іс тындыра білген жанның дүниесіне үңіліп, оның арман-аңсарын, көздеген мақсат-мүддесін танып білуде, — дейді Қойшығыра Салғараұлы.

     Шығармалары:

  • «Маңғыстау географиясы»,
  • «Қазақ мифологиясына кіріспе»(1997),
  • «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары»(2000),
  • «Есен-қазақ» (2002),
  • «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» (2003),
  • «Арғықазақ мифологиясы»(2004),
  • «Эстетика ландшафтов Мангистау»(2005),
  • «Маңғыстаунама»(2006),
  • «Қазақ даласы және герман тәңірлері»(2006),
  • «Жауынгерлік рух кітабы» (2006)

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!