Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев Словакия Премьер-министрімен кездесті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Словакия Республикасының Премьер-министрі Петер Пеллегринимен кездесті.

Тараптар Қазақстан мен Словакия арасындағы қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Словакия Премьер-министрінің бұл сапары мемлекетаралық байланыстырды одан әрі нығайтуға және экономиканың түрлі саласындағы ықпалдастықты тереңдетуге серпін беретінін атап өтті.

Елдеріміз арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Сапарыңыздың барысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевпен кездесу өткіздіңіз. Сізбен бірге Қазақстанға бизнес өкілдері де келіпті. Осы сапарыңыз өзара байланыстарымызды дамытуға жаңаша жол ашады деп ойлаймын, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Петер Пеллегрини еліміздің әлемде мемлекетаралық диалог орнату ісіндегі маңызды рөлі жөнінде айтты.

Қазақстанның халықаралық қатынастар саласындағы беделі зор. Көптеген халықаралық мәселені шешу жолындағы Қазақстанның тұрақтандырушы ролін жоғары бағалаймыз, — деді Словакия Республикасының Премьер-министрі.

Петер Пеллегрини екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды өркендетудің маңызды екенін, агроөнеркәсіп пен индустрия секторларында, көлік-логистика саласында, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасының аясында ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айтты.