Басты бет Жаңалықтар Ұлттық валюта күні. Теңгенің айналымға енгеніне 25 жыл толды

Ұлттық валюта күні. Теңгенің айналымға енгеніне 25 жыл толды

1993 жылы қараша айында Қазақстанның өз валютасы тұңғыш рет айналымға еніп, инфляция салдарынан "топан ақша" аталып кеткен Кеңес Одағының сомын алмастырды.

Иллюстрация: Forbes.kz

Ширек ғасыр бұрын 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстанның ұлттық валютасы айналымға енді. Теңге Кеңес Одағының сомын алмастырды.

1993 жылдың 12 қарашасында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» жарлығы шықты. Бұған дейін екі жылдай ұлттық валютаны шығару және қолданысқа енгізу жөнінде ұзақ та күрделі дайындық жүргізілген еді.

Бұл — Қазақстанда нарық экономикасының негіздері өте күрделі жағдайда қалыптаса бастаған кезі. Ішкі нарық сыртқы қаржы факторларына тәуелді болды. Бастапқыда ұлттық валютаға екі кезеңмен көшу көзделді: әуелі уақытша, кейін тұрақты ақшаны енгізу. Бірақ соңында бірден ресми валютаға көшу жөнінде шешім қабылданды.

Ұлттық валютаға ортағасырдағы түркінің күміс бақырларының атауы берілді. Теңге дизайнын жасауға өте қысқа — бір жылдан аз уақыт кеткен. Валютаның кескінін Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжалилов өнер қайраткерлерінен тұратын шығармашылық топ жасады. Олар теңге дизайнының бірнеше нұсқасын жасады. Кейін қазақ ғылымы мен мәдениетінің ұлы тұлғаларының портреті бейнеленген төртінші нұсқа таңдалды.

Билік теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы үшін ауытқымалы дәліз бен ішінара конвертацияны таңдауды ұйғарды. Алғашқы кезеңдегі бағам: 1 доллар — 4,75 теңге болды.

Бүгінде ұлттық валюта — Қазақстанның экономикалық тәуелсіздіктің негізі. Жаңа дизайн елдің өз тарихы мен дәстүрінен сабақ ала отырып жаңа кезеңге аяқ басқанын бейнелейді. Қазіргі теңге материалының 20 деңгейлі қорғаныш қабаты бар. Ол әлемдегі ең жақсы қорғалған валюталардың қатарына енеді.

Ұлттық валютаның төбесінде қосымша сызығы бар «Т» таңбасы 2006 жылы пайда болды. Таңба қазір әлемдегі қаржы нарығына тегіс танымал.

1998 жылдан бастап, 15 қараша кәсіби мереке ретінде Ұлттық валюта — теңге күні және Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің мерекесі болып белгіленді.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version