Басты бетТанымАдамзат қасіреті болған АЛЖИР

Адамзат қасіреті болған АЛЖИР

АЛЖИР (Отанын сатқандардың әйел­дерінің Ақмола лагері) — атақты ҚарЛагтың дербес бөлімшесі. Лагерьге кілең әйел азамат қамалған. Халық арасында «Нағыз тозақ мекен» деген атқа ие болған нысанның тарихы көптеп зерттелуі қажет. Кешен бұрынғы президент нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2007 жылы ашылған.

АЛЖИР қазіргі Астананың солтүстігіне қарай 55 шақырым қашықтықта, Ақмола облысына қарасты Ақмол ауданы аумағында орналасқан. Бүгінгі таңда бұл жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «АЛЖИР» мемориал музей-кешені бар.

Лагерь 1938 жылғы 6 қаңтарда №17 еңбек арқылы түзеу лагерінің орнына қайта құрылған. Еңбек арқылы түзеу деген аты ғана болмаса, бұл — нағыз қасірет мекен. Бұл кезең жаппай қуғын-сүргін науқанының әбден өр­шіген шағы болатын. КСРО Ком­пар­тиясының ХVІ съезінде Иосиф Ста­линнің «Репрессия — шабуылдың қажет элементі» деп жария­лаған қаулысы асқан зұлымдықпен дереу жүзеге аса бастайды. Сол сәттен бастап үкіметке қарсы көзқарастағылар түгел қамауға алынды. Дұрысы, мың-мыңдаған жазықсыз құрбанның өліміне себепші болған ең ауыр саяси науқан басталды.

Ар жағында қитұрқы саясатты жүзеге асыруды көздегендер ішкі сұрқия ойын шолақ белсенділердің қолымен тарихта зұлымдықтың шегіне жеткен науқан жүргізді. Таяқтың бір ұшы еш кінәсі жоқ жандарға тиіп, ел ішін ерекше тінту етек алды. Аз ғана уақыт ішінде жала жабылып сотталғандар әйелдерінің саны АЛЖИР-де 8 мың адамға жетті. Олар жан шыдамас қиындықты бастан кешті. Қысы-жазы аш-жалаңаш жүріп, мемлекетке тегін жұмыс істеді.

Зерттеушілердің айтуынша, тұтқындар жазған хаттарды оқыған адамның құлағына аналардың жылаған даусы, көмек сұраған жалынышты үні естілгендей болады. Олардың балаларының жазған хаты, тіпті тебірентіп, толқытып жібереді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ