Азамат Батырқожа «Қазақстан ғарыш сапары» басшысы болып тағайындалды

«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясына жаңа басқарма төрағасы тағайындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Директорлар кеңесінің шешімімен Азамат Байқуанышұлы Батырқожа «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы лауазымына тағайындалды, — делінген хабарламада.

Азамат Батырқожа 1972 жылы Көкшетау облысында дүниеге келген. 1993 жылы Н.И. Крылов атындағы Ракета әскерінің Харьков жоғары әскери командалық-инженерлік училищесін, 2005 жылы «Тұран-Астана» университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. Әр жылы корпоративтік секторда, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде, ҚР Ұлттық банкінде, «Қазақтелеком» ААҚ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде, ҚР Премьер-министрінің кеңсесінде, ҚР Білім және ғылым министрлігінде, «Самұрық-Қазына» тұрақты даму қорында жұмыс істеген.

2010-2014 жылдары Дүниежүзілік банк жобасы «Технологияларды коммерцияландыру» жобасын басқару тобының директоры болды. 2014-2017 жылдары ҚР ИДМ технологиялық және инновациялық даму департаментінің директоры қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап қазіргі таңға дейін «Синергия» ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС директоры болды.