Басты бет Жаңалықтар Алматыда әкелі-балалылар үстел ойындарынан жарысқа қатысты

Алматыда әкелі-балалылар үстел ойындарынан жарысқа қатысты

Мүгедектердің халықаралық күніне орай үстел ойындарынан "Әкенің қолынан бәрі келеді!" атты байқау өтті.

Фото: Дамир Таиров

Үстел ойындары байқауына мүмкіндігі шектеулі әкесі бар балалар мен дәл сондай балалары бар әкелерден тұратын 12 жұп қатысты. Олар джакколо, кульбутто, шаффлборд сияқты ойындарды ойнап, өзара жарысты.

Мүмкіндігі шектеулі..
Болат Керімқұлов баласы Нұрболатпен ойын барысында. Фото: Дамир Таиров

Ұлым Нұрболат туабітті мүгедектердің қатарынан. Бүгінде білім алып, арнайы курстарға барып жүр. Шыны керек, осы күнге дейін баламды «Алматы қалалық мүгедектер қоғамы» ұйымдастырған шаралардан қалдырған емеспін. Анасы екеуміз баламызды игі бастамалардан қалдырмауға тырысамыз. Өзіміз қала сыртында тұрсақ та, баламыз үшін қолдан келгенді істеп, жағдайын жасап жатырмыз, — деді Болат Керімқұлов.

Байқауды Қазақстан мүгедектер ұйымдарының одағы мен «Алма-Ата» әйелдер клубы» қоғамдық бірлестігі «Қайырымды істер» айлығының аясында ұйымдастырды.

Ұйымдастырушылар. Фото: Дамир Таиров

Еліміз бойынша 600-700 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 42 мыңға жуығы Алматыда тұрып жатыр. Жалпы «Алматы қалалық мүгедектер қоғамы» (АҚМҚ) қоғамдық бірлестігінің құрылғанына биыл 30 жыл толды. Осы күнге дейін қаншама іс-шаралар өткіздік. Қарап отырсақ, ерекше күтімді қажет ететін жандардың жанында көбінесе шыр-пыр боп жүретін аналарымыз екен. Өйткені, қоғамда ерекше туған балаларын тастап кетіп жатқан әкелер жетерлік. Бірақ балаларының жанында «қайтсек жеткіземіз» деп жүргендері де бар. Сол себепті де бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Яғни, «Әкенің қолынан бәрі келеді!» байқауының мақсаты -әкелерімізге көңіл бөлу, қоғамның назарын аударту, өзгелерге ой салу, — деді Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Әли Аманбаев.

Фото: Дамир Таиров

«Алматы қалалық мүгедектер қоғамы» (АҚМҚ) қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толуына орай алдағы уақытта көптеген іс-шара өткізіледі. Айта кетейік, 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы шешімімен 3 желтоқсан Мүгедектердің халықаралық күні болып белгіленген еді.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version