«Мүлік пен қаржыны жекешелендіру мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Осылайша, мүлік пен ақшаны заңды айналымға енгізу үшін азаматтарымызға қосымша ынта тудыратын жағдай жасадық. Оның үстіне, тергеу болмайтынына және барлық мәлімет құпия сақталатынына кепіл беріліп отыр. Парламент осындай заңды қабылдады, мен оған қол қойдым. Бұл құжат заңды күшіне енді. Дегенмен, үкіметке жекешелендіру шарттарын тағы бір рет анализден өткізіп, қажет болса, жекешелендіруге қатысатындарға кепілді күшейтіп, халыққа жақсы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», – деді мемлекет басшысы.
Осы ретте, Назарбаев «мүлкі пен қаржысын жекешелендірейін бе, жоқ па?» деп ойланып жүрген азаматтарға осы мүмкіндікті пайдалануға кеңес берді.
«2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап шығындар мен кірістерді жалпыға ортақ декларациялау күшіне енеді. Содан кейін, әлемнің қай бұрышында орналасса да, активтер пен есепшоттарды әшкерелей бастаймыз. Сол шетелдік шоттардағы ақша мен шетелдегі мүліктің қайдан шыққанын, қай ақшаға алынып, қанша салық төлегенін түгел тексереміз. Мен бұны «тығып» отырған ақшаларыңызға Қазақстан Республикасы мұқтаж болып отырғандықтан емес, өз азаматтарымыздың үстінен қылмыстық іс қозғап, оларды әлемнің түпкір-түпкірінде тығылып жүрген азаматтар сияқты, «босқындарға» айналдырғымыз келмейтіндіктен айтып отырмын. Әрине, ең бірінші жинақтың дұрыс болмауы мүмкін, бірақ, мемлекет шетелдегі ақшаларыңызды Қазақстанға әкеліп, жекешелендіруге қатысып, активтеріңізді заңдастыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонда, тыныш өмір сүріп, тыныш ұйықтай аласыздар. Менің айтпағым – осы», – деді Назарбаев.