Перзентханаға келгенімізде аулада күзетшіден өзге ешкім болған жоқ. Тым-тырыс. Келерден бұрын ғимарат алды гүл ұстаған қуанышқа топқа толы болар деген ойда едік… Мұнда келініне келіп отырған бір апа ғана бар екен. Кезекші медбике терезесіне «Сәлем-сауқат таратуға кеттім, қазір келемін» деген қағаз іліпті. Қабырғадағы кесте аналар перзентханадан түскі сағат 14:00-ден бастап шығарылатындығын хабардар етті. Қазір сағат 12:00. Демек әлі 2 сағат бар. Оған дейін сәлем-сауқат қабылдау уақыты болады екен. Күтуге тура келеді.
Сағат межелі уақытқа таяп қалғанда, перзентханаға қолына гүлшоқтары мен түрлі-түсті шар ұстаған күтіп алушылар келе бастады. Езулерінде күлкі, жүздері жадыраңқы. Біз іздеген атмосфера енді сезілді.
«Қымбаттым, ұл сыйлағаныңа рахмет!», «Мен әке болдым!» деген жазумен көмкерілген көліктер де келді. Лимузин дейсіз бе, Range Rover ме…түр-түрі бар.
Суретке түсіріп жүргенімізде, бір жігіт жүгіріп келіп, «Көлікке жабыстырылатын әріп сатасыздар ма?»- деді. Жүзінде ерекше толқыныс бар. Журналист екенімізді айтып, бірден сөзге тарттық.
Есімі – Ербол Молдабаев. Тараздың тумасы. Тұңғышы дүниеге келген екен. Бүгін перзентханадан шығарып алмақшы. Сол үшін арнайы лимузин жалдаған. Немерелі болдым деп Ерболдың анасы Валентина апай да құрақ ұшып жүр. Қуаныштан жүзі бал-бұл жайнайды. Немересінің атын Ертөре қойыпты. «Бала балдан тәтті, немере одан да тәтті» деген осы болса керек.
Молдабаевтар әулетін қуанышымен құттықтап тұрғанымызда, перзентхана алдына жиналған жұрттың қарасы көбейіпті. Олардың да көңіл-күйі, жасаған тосын сыйлары объективке сұранып тұрды.
©szh.kz
Иә, баласы мен жарын перзентханадан шығарып алуға келеген әкелер тосын сый жасауға аз еңбектенбеген тәрізді. Кеткен шығын мөлшері де қарапайым емес екені көрініп тұр. Есептеп көруге тырыстық:
- Лимузин жалдаудың орташа құны – сағатына 30 мың теңге. Егер 5 сағатқа алсаңыз, сағатын 25 мың теңгеге түсіріп алуға болады.
- Шарлардан жасалған әткеншек – 15 мың теңге. Ерекше безендіру болғанымен, көлікке салып алып кетуге ыңғайсыз.
- Шарлардан жасалған «сәби» (биіктігі 1 метр 20 см) – 8 мың теңге.
- Сәби бейнесіндегі үрмелі шар – 500 теңге.
- Гүлшоғы – бастапқы бағасы3 мың теңгеден бастап, көлеміне қарай өсе береді.
- Суретке, видеоға түсіру – 10 мың теңге.
- Музыкалық аспаптарда ойнау құны келісіммен. Шамамен 2 мың теңгеден басталады.
Осы сыйдың бәрін жасау шамамен 65 500 теңгені қажет етеді. Бұл тек бір гүлшоғын есептегендегі сома. Медбикелердің айтуынша, тосын сыйдың мұнда сан түрі ұйымдастырылады. Тіпті жас босанған жарына 101 раушан гүлін сыйлап, оны жары көтере алмай қалған кездер де болған екен. Қалай десек те, тосын сыйдың тізімі бұнымен таусылмақ емес. Біз қайтып бара жатқанда тағы бір лимузин кіріп келе жатты…
№1 қалалық перзентханадан бір күнде 25 ана мен сәби шығарылатын кездер де болады. Біздің мұнда өткізген 4 сағатымыз бір күндегі бірнеше қуанышқа куә етті. Бұндай сәттерді күнде көріп жүрген бұл жердің күзетшісі де бақытты.
Әсел Сарқыт, Ақжарқын Қыдырханова
«Мен әке атандым» тақырыбындағы мақала өте жақсы жазылған, қуанышпен бөліскеніңіз үшін әжелер атынан
алғысымды білдіремін.
«Мен әке атандым» тақырыбындағы мақалаға қосарым осындай бақытты нәрестелер дүниеге келе берсін,ал бақытқа бөленген әкелер оларды қарсы ала берсін.