Алматыда ең үздік инновациялық идеялар анықталды

Алматыда HackDay инновациялық идеялар фестивалі мәресіне жетті. Биыл сегізінші рет өткізіліп жатқан фестивальге идеясын прототипке айналдырғысы келген 3148 қатысушы қатысты.

HackDay-ді  «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында, «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры» ҚҚ, ҚР Білім және ғылым минитрлігі мен Алматы әкімдігінің қолдауымен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті ұйымдастырды.

Қатысушылардың көптігі қуантады. Біз қызық идеялар мен жобаларды ұсынатын жастарды үнемі қолдауға тырысамыз. Қазір цифрлық технологиялардың заманы. Сондықтан барлығы өз идеясын іске асырып, жеңіске жеткенін қалаймын, — дейді Алматы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев.

HackDay
Фото: ХАТУ

Фестивальге 10-11 сынып оқушылары, университет, колледж студенттері және түрлі сала мамандары қатысты. Биыл Ресейден қонақтар шақырылды. Санкт-Петербург мемлекеттік университеті іскерлік орталығының директоры Елена Гаврилова, Machine Learning Яндекс әзірлеген Тильга Сергей, «ТНТ» арнасының тележүргізушісі Ксения Ильиных, режиссер, сценарист Егор Чичканов және Propellers анимациялық студиясының шығармашылық директоры Артур Шамшадинов қатысушыларға дәріс оқып, қазылар алқасының құрамында болды.

HackDay-де бұған дейін тек 2 секция болса, биыл 5 секцияға көбейді. Олар: «Кино және видео», «Контент және медиа», «Ақпараттық технологиялар», «Мобилдік технологиялар», «Дизайн және анимация».

Қатысушылар өзі қалаған секцияны таңдап, 3-4 адамнан команда құрды. Олар 24 сағат ішінде өз идеяларынан прототипке дейінгі жоба дайындап, оны 3 минуттың ішінде қазылар алқасына түсіндіріп шығуы керек. Биыл 500 жоба ұсынылды, оның жартысы стартап ретінде жүзеге асады.

Студенттер мен жас мамандармен бірге фестивальдің ең жас қатысуышлары Диана Сұлтанова мен Айсәуле Жұмабаева да өз жобаларын ұсынды. Олардың бірі болашақта аниматор болғысы келсе, бірі веб-дизайнер атанғысы келеді.

Фото: ХАТУ

Фестиваль демеушілерінің сұрағына дұрыс жауап берген команда компанияда төленетін тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев «Ақпараттық технологиялар» секциясында ұсынылған жобаны іске асыру үшін команданы министрлікке шақырды.

Forbes KZ-тің бұрынғы бас редакторы мен Smart Zholy бағдарламасының жоба директоры өздеріне ұнаған командалардың жобасын бірге іске асыруға ұсыныс жасады.

Фестивальге Астанадағы медициналық университетінің студенттері де қатысты.

Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орынға — теледидар, екінші орынға — заманауи құлаққап, ал, үшінші орынға ұялы телефон табысталды.

HackDay
Фото: ХАТУ

Екі күнге созылған фестиваль нәтижесі:

Контент және медиа:
1. OKUPLUS (ХАТУ)
2. CherryByte (НЗМ)
3. Newton (ХАТУ)
Дизайн және анимация:
1. Dvizh (ХАТУ)
2. Justice (ҚБТУ)
3. Дружные (ХАТУ)
Мобильді технологиялар:
1. joARney (Хэйлибэри, НЗМ)
2. Команда 47 (НЗМ)
3. HDDC Tokeda (ХАТУ), Queen (SDU)0
Кино және видео:
1. Butter prod. (KIMEP)
2. Hack Create (ХАТУ)
3. 404 NOT FOUND (ХАТУ)
Ақпараттық технологиялар:
1. Hard Rock Cafe (ХАТУ, СДУ)
2. Effect Delpano (IT college)
3. Tensors (ХАТУ)