Дәстүр бойынша Алматы қаласының туған күні қыркүйек айының үшінші жексенбісінде болғанымен, ай басталғаннан соңына дейін тойланады.
2,3 және 4 қыркүйек күндері ашық аспан астындағы «Оркестр шеруі» болады. Ол Республика сарайы алдындағы Абай алаңында өтеді.
10 қыркүйек күні жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлі «Алматы — махаббатым менің» атты ретро-фестиваль өтеді. Алайда, концерт жылдағы орнынан жылжып кетті. Осыған дейін «Сұңқар» Халықаралық трамплинінде өтіп жүрсе, биыл «Алатау» шипажайында болады деп жоспарланған.
17 қыркүйек еліміздегі бірінші музыкалық арнаның ұйымдастыруымен өтетін «Gakku дауысы» концертімен есте қалмақ. Ашық аспан астында өтетін концерттен қалғыңыз келмесе, осы күні кешкі сағат 17:00-де Астана алаңынан табылыңыз.
18 қыркүйек күні ҚР Бірінші Президенті саябағында алманың түр-түрі жиналады. Неге десеңіз, бұл күні дәстүрлі «Алма Fest-2016» алма фестивалі ұйымдастырылады. Дәл осы күні кешке «Алматы аренада» Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына арналған мерекелік гала-концерт болады. Концерт соңында Алматы аспаны Apple Fire отшашуына оранады. Бұл отшашуды Көктөбе мен Атлетикалық ауылда көруге болады.
19-26 қыркүйек күндері Бибігүл Төлегенова атындағы VIII Халықаралық вокалистер байқауы өтеді.
24-30 қыркүйек арасында алматылық «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалімен бірлесе отырып, Халықаралық «Евразия» кинофестивалі болады.
Сондай-ақ, бұдан да өзге көптеген ірілі-ұсақты шаралар өткізіледі деп күтілуде. Олардың қатарында кітап фестивалі, ашық аспан астында өтетін концерттер бар.
⠀