Қазақстандықтар демалыс күндері қысқы ауа райын сезінеді

«Қазгидромет» РМК мамандары 10-12 қараша күндері ауа райы қандай болатынын хабарлады.

Гидрометеорологтардың мәліметінше, демалыс күндері Қазақстанның көп облысында қар жауып, боран соғады, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста қар аралас жаңбыр жауады, бұл өңірлерде дүйсенбіде де қар жауып, боран соғады. Батыс Сібір аудандарынан ауысатын суық фронттардың әсерінен қыстағыдай ауа райы қалыптасады. Арктиканың ылғал ауасын әкеліп, республика аумағында күннің сууына себеп болатын да — сол.

Бұл күндері ауа температурасы климаттық нормадан 2-5 градусқа, солтүстік, орталық және шығыс облыстарда 5-10 градусқа төмен болады, — делінген «Қазгидрометтің» хабарламасында.