Әйгілі Хемингуэй «Кез келген адамның жүрегіне жететін әңгіме жазамын және ол 6 сөзден ғана тұратын болады»,- деп сөз берген екен. Жазушы айтқанында тұрды, мағынасы терең туынды жазды. Ағылшыншасы «For sale: baby shoes, never used». Қазақша мағынасы: «Баланың аяқ киімі сатылады. Киілмеген».
* * *
Фредерик Браунның ең қысқа қорқынышты әңгімесі де оқырман есінде бар. «Жер бетіндегі ең соңғы адам бөлмеде отырған. Есік қағылды…»
* * *
Америкалық жазушы О. Генридің мына әңгімесі қаншалықты қысқа болса да, көлемді шығармалар сияқты кіріспесі, негізгі бөлімі, қорытындысы бар. «Аузына темекі қыстырған жүргізуші жанармайын тексеру үшін жанармай багіне үңілді. Марқұм жиырма жаста еді».
* * *
Ең қысқа биографиялық әңгіме жазу байқауында жеңіске жеткен француз әйелі былай деп жазған екен: «Бұрын менің бетім тегіс, ал белдемшем қыртыс-қыртыс болған, қазір бәрі – керісінше».
* * *
«Қажет емес! Мен өзім!». Бұл оқығаныңыз әлемдегі ең қысқа роман. Оны жазған Владимир Блинов. Роман «Нобельдік Бука» сыйлығын жеңіп алған.
* * *
Спарталықтардың Македония ханы Филипп екіншінің хатына жазған жауабы да тарихтағы ең қысқа жазбаларға жатады. Хат алмасу төмендегідей болған:
«Тез арада берілуге кеңес беремін. Себебі, егер менің әскерім сендердің жерлеріңе кіретін болса, мен сендердің бақтарыңды құртып, адамдарыңды құл етемін, қаланы жоямын».
Спарталықтар жауабы: «Егер».
* * *
Виктор Гюго өзінің «Аластатылғандар» романын баспаға жіберерде жанына «?» жазылған хатты қосып жіберген. Баспаның жауабы «!» болған екен. Сышылардың пікірінше автор сұрақ белгісін жіберу арқылы туындысына баға беруді сұраған екен. Баспа сәйкесінше леп белгісімен «Керемет» деген баға берген.
* * *
Валерий Брюсовтың 1895 жылы жазылған моноөлеңі де назардан тыс қалмады.
«Боп-боз аяқтарыңды жапшы» («О закрой свои бледные ноги»).
Жинаған: Әсел Сарқыт