Соның ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкінің салымшылары қоныс тойын тойлады. «Өз үйім» бағдарламасы игілігін алғаш көрген 100 отбасыға жаңа пәтердің кілті табыс етілді.
Жаңадан бой көтерген 2 тұрғын үй Қызылорда қаласы «Сырдария» ықшам ауданына салынды. Пәтер иелеріне кілтті Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі табыстады. Мерекелік шарада сөз алған аймақ басшысы көпшілікті құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Облыстың даму тенденциясы турасында әңгіме өрбітіп, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Мұнан соң, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының төрағасы Айбатыр Жұмағұлов сөз алды. Ол «Өз үйім» бағдарламасының ерекшелігі туралы айтып берді.
«Биылдан бастап «Өз үйім» бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алып жатырмыз. Бұл ретте облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа алғысымды білдіргім келеді. Бізді қолдаған ең бірінші облыс Қызылорда болды. Барлық пәтер иелерін қоныс тойларымен құттықтаймын», – деді банк төрағасы.
Қоныс тойын тойлаушылардың бірі қала тұрғыны Сәуле Жәнеева. Бірнеше жылдан бірі банкке салым салып келген келіншектің бүгінде қуанышында шек жоқ.
«Бүгін мен және менің отбасым үшін айтулы күн. Көптен күткен пәтерімізге қол жеткізіп жатырмыз. Әрбір адам баспаналы болуды армандайды ғой. Міне, бүгін біздің арманымыз орындалды. Банк қызметкерлеріне алғысымды білдіремін», – дейді ол.
Айта кету керек, «Өз үйім» бағдарламасы 2016 жылдың басында қолға алынған болатын. Басты мақсат – банк салымшыларын қол жетімді баспанамен қамтамасыз ету. Ерекшелігі, бұл мақсатта мемлекеттік бюджеттен қаражат жұмсалмайды. Аталған бастама алғаш рет Қызылорда облысында жүзеге асырылып отыр. Бұл жағдайға банк пен жергілікті атқарушы орган арасында жасалған меморандум мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта қаланың қақ ортасында орналасқан «Арай – 3» ықшам ауданындағы тағы 4 үйдің құрылысын бастау көзделіп отыр. Бұл үйлер жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Соның нәтижесінде жаңадан пәтерге қол жеткізіп, қоныс тойын тойлаушылардың саны артпақ.