«Мәңгі бірге» атты II Халықаралық авторлық интерьерлік қуыршақтар көрмесі биыл орыс балетінің 200 жылдығына арналып отыр. Көрмеге Қазақстанның әр аймағынан — Алматы, Астана, Көкшетау, Семей, Зырян, Риддер, Өскемен мен Павлодардан, Ресейдің Новосибирскі мен Төменгі Новгородынан, Удмуртиядан барлығы 85 қуыршақшы қатысып жатыр.

Биылғы көрменің символы — Ирина Итахунованың «Жизель» туындысы. «Жизель» қуыршағының прототипі — орыс балеринасы Анна Павлова.

Қуыршақтар көрмесі
«Жизель». Фото: Ирина Итахунованың Facebook-тегі парақшасынан

Көрме залында қуыршақ жасаудың 25-ке жуық техникасымен, аралас техникамен дайындалған 200 қуыршақ қойылған. «Қуыршақтар әлемі орталығының» басшысы Лариса Сологуб көрменің бірнеше стенді мен қуыршақтарына шолу жасап, қысқаша сипаттама берді.

Қуыршақтар көрмесі
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Көрме аясында «Папа Карло» сайысы өтіп жатыр. «Папа Карло» стендіндегі қуыршақтарды тоғыз адамнан тұратын қазылар алқасы саралайды. Үздік жұмыстар марапатталады. Одан бөлек, «Көрермен көзайымы» номинациясы бар. Көрменің әр келушісі стендте ұнатқан қуыршағына дауыс бере алады. Бұл номинация — қуыршақшы үшін ең бағалы сыйлық. Жеңімпаздарға Ирина Итахунованың төрт «перизаты» сыйға беріледі.

Көрмеде ерекше стендтердің бірі БЛКЖО тақырыбында. Мұнда бірнеше автордың экспозициялары жинақталған. Стендтің негізгі туындысы — семейлік Оля Феденеваның жұмысы.

Биыл 29 қазанда Комсомолдың 100 жылдығы болды. Осыған орай бөлек стенд құрылды. Себебі бұл — тамаша жылдар мен біздің жастық шақтың кезеңі. Қазақстан дәл осы комсомол жылдарымен танылды. Себебі Комсомол заманында тың игеру, зауыттардың іске қосылып, кең далада салынған қалалардың дамуы қарқын алған еді. Стендте Таня Фесенконың, Ирина Паклинаның, Ирина Самойлованың жұмыстары жинақталған. Бұл жұмыстарға қарап, жасөспірімдер ата-анасының жастық шағына саяхаттай алады, — дейді Лариса Сологуб.

Келесі стендте нижегородтық қуыршақшылардың 35 жұмысы тұр. «Қуыршақтар әлемі орталығының» бес жылдық тарихында олар сегіз жобаға қатысып үлгерді. Мұнда Елена Филатованың «Кітапқұмар» туындысы мен «Алконост», «Балерина» қуыршақтары бар. Бұл стендтке фарфордан жасалған үш туынды да жинақталған.

Қуыршақтар көрмесі
«Кітапқұмар» қуыршағы Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жақында Бану атты қуыршақшымен таныстық. Ол қақталған пластиктен шарнирлі қуыршақтарды жасайды. Қуыршақ жасауды өзі үйренген. Мәскеу мен Питерде Банудың жұмыстары өте жоғарғы дәрежеде бағаланады деп ойлаймын. Ресейде Зайцев деген танымал қуыршақшы бар. Менің ойымша, біз де Қазақстанда өз Зайцевымызды таптық, — дейді Лариса Сологуб

Тағы бір стендте көбіне Риддер қалашығының қуыршақшыларының жұмыстары тұр. Олардың арасында Ирина Итахунованың экспозициясы көп. Лариса Сологубтың айтуынша, ол өзінің шеберлігімен ғана емес, қуыршақты жасау жылдамдығымен де басқаларды таңдандырып жүр. Айына 10 қуыршақтан дайындайтын кездері де болған. Оның әр жаңа туындысы — бірегей жұмыс.

Бұл қуыршақтармен жақынырақ танысуға кеңес беремін. Себебі олардың әрбіреуінің жасалу себебі мен мағынасы бар. Бұл қуыршақтарға қарап сізге не айтқысы келіп тұрғанын тауып көріңіз, — дейді Лариса Сологуб.

Көрмеде Мария Курмановнаның «Теңіз патшайымы»  атты жұмысы ерекше көзге түсті. Ол пластиктің цернит атты қымбат түрінен жасалған. Оны өңдеу де өте қиын. Қуыршақтың көйлегіндегі әрбір жапониялық өте ұсақ бисер, әр ою қолмен тігілген. Сондықтан «Теңіз патшайымы» — техникасы бойынша бірегей туынды.

Қуыршақтар көрмесі
«Теңіз патшайымы». Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Техникасы жағынан бірдей, бірақ мүлдем әртүрлі эмоция мен мінезді сипаттайтын қуыршақтар да бар. Мысалы, «Покахонтас», «Теңіз патшайымы» мен «төртқолды қуыршақ». Автор төртқолды қуыршақты ананың символы ретінде жасаған. Бірақ, меніңше, бұл жұмыс қуыршақшының символындай. Себебі қуыршақшы үлкен біліммен  қоса көптеген техниканы меңгеруі керек. Мысалы, қуыршақтың қаңқасын жасау үшін дәнекерлеу аппаратын қолға алу керек. Әдемі костюм тігу үшін тігіншілік істі үйренеді. Сәнді аяқкиім жасау үшін етікшілік істі меңгереді. Ал керемет түпқойма жасау үшін декоратордан сабақ алуға тура келеді. Сондықтан қуыршақшы — көптеген саладан білімі бар, жан-жақты адам, — дейді Лариса Сологуб.

Стендтерді аралап жүріп, бала кезіңізден сүйіп көретін мультфильм мен таңданып оқитын шығармалар кейіпкерлерін кездестіруіңіз мүмкін. Әлемнің жер-жерінен жинақталған, сан түрлі саланың адамдарын бейнелейтін қуыршақтардың шынайылығы тамсандырады.

Тағы бір стенд Новосибирскіден келген қонақтардың жұмысына арналған. Олар тәжірибе алмасу үшін Қазақстанға бірінші рет келіп отыр. Мұндағы әр сәнді түйреуіш қолдан жасалып, құрастырылған. Олардың ерекшелігі әрқайсысының жалғыз дара болуында. Себебі автордың көңіл-күйі мен ойы туындысына беріледі. Оны қайтадан дәл сол қалпында қайталау мүмкін емес. Осындай «Кірпі» сәнді түйреуішіне арманыңызды сыбырлап айтсаңыз, олар бәрін орындайды, — дейді Лариса Сологуб.

Ал келесі стендте бірнеше шебердің қызықты жұмыстары тұр. Олар әртүрлі техникада жасалған. Текстиль, пластик, әр қуыршақты сағаттап қарауға болады. Қанша зерттеп мұқият қарасаңыз да, қайтадан көрген сайын қуыршақты жаңа қырынан танисыз.

Қуыршақтар көрмесі
«Мерген». Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ирина Шубинаның жұмыстары да — көрермен ілтипатына ие, көзтартарлық туындылар. Олардың бірі — «Мерген» қуыршағы. Мұнда көзі байланған күйі садақты аяғымен тартып, нысана көздеген қыз бейнеленген.

Қуыршақтар көрмесі
Ирина Шубина. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Мерген» қақталған пластиктен жасалған. Ол кәдімгі пластилинмен жұмыс істегендей қуыршақты мүсіндеп, пеште қыздыру арқылы орындалды. Одан кейін бояуы мен киімі пішіп-тігілді. Әр қуыршақты жасау үшін белгілі бір уақыт қажет. Керекті материалдар мен құрал-саймандарды әзірлеуден бұрын жасайтын қуыршағым әйгілі тұлғаның прототипі болса, оны әуелі зерттеп аламын. Мысалы, мен Майкл Джексонның прототипін мүсіндегенде ол туралы оқып, өлеңдерін тыңдап, фильмдерін көріп, қандай киім киетінін, оның типіне сай келетін костюм таңдаймын. Мұндай жұмыс кейде бір апта, кейде бір ай жасалады. Белгілі бір нақты уақыт аралығы жоқ. Қуыршақ жасаумен айналысқаныма 12 жыл болды. Нақты айта алмаймын, бірақ бір жылда 100-ден аса қуыршақ жасадым, — дейді Ирина Шубина.

Балет тақырыбында болғандықтан көрмеде алуан түрлі техникамен жасалған балериналар көп. Олардың бірі — Регина Терегулованың балеринасы.

Ол бізде үш жыл қуыршақ жасап, көрмелерге белсенді қатысып жүр. Осындай нәзік сызықтар мен күрделі жұмыстың нәтижесінде балеринаның жүзінен автордың не айтқысы келгенін байқауға болады. Мұндай шеберлік жылдан жылға артатын тәжірибемен ғана пайда болады, — дейді Лариса Сологуб.

Қуыршақтар көрмесі
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Залда балет, Комсомол, Папа Карло тақырыптарына арналғаннан басқа да стендтер бар. Ол жерден сүйікті кейіпкерлеріңіз бен танымал тұлғаларды да кездестіріп қалуыңыз әбден мүмкін. Көрмені тамашалаушылар ұнатқан жәдігерін сатып ала алады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!