— Гүлшарат, «Іңкәр жүрек» фильмінің жалғасына түсіп жатыр екенсіз. Түсірілім жұмыстары қалай өтуде?
— Басты рөлде ойнағандықтан, таңғы сегізден бастап түсірілім алаңында жүреміз. Мысалы, кеше үйге түнгі он екіде қайттым. Нақты режим жоқ. Кофе іше салып, 15 минут мызғып алып, жұмысты қайта жалғастыра береміз. Түсірілім жұмыстары қыркүйектің ортасында аяқталады деп отырмыз. Жалпы, бұл сериалда басты кейіпкер – Сәуле есімді тігінші қыздың өз бақытын табу жолындағы қиындыққа толы тағдыры баяндалады. Ол көптеген кедергілерге қарамастан, бала кезінен армандаған мамандығын оқып, сәнгер болады. Іскерлік ортадағы шиеленістің барлығы осы фильмнің өн бойында тоғысады.
— Біз сіздің «Шабыт» деп аталатын тігін шеберханаңыз бар екенін білеміз. Жалпы, тігіншілікті қайдан үйреніп жүрсіз?
— Қазір менен көп адам сұрап жатады, тігін ісін қалай үйренсем болады деп. Ескі киімдерді сөгіп, қайта тігу арқылы аз-кем тәжірибе жинауға болады. Қолыңыз әбден жаттыққан соң, қалауыңыздағы көйлек-көншекті тіге бересіз. Бірақ, ең алдымен адамға қызығушылық пен ынта керек, олар болмаса, бәрі бекер. Жалпы, анам Мәриям Құрбаниязова – ісмер жан. Ес білгелі түнімен отырып іс тігетін. Тігін машинасының дауысымен ұйықтап, тігін цехының ішінде ойнап өскен бала қалайша ісмер болмасын?! «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді ғой. Анашым өмірде талай қиындықты көрді. Сонау қиын кезеңдерде, яғни, тоқсаныншы жылдары өз күшімен 40 адам жұмыс істейтін тігін цехын ашты. Мақтадан сырылып тігілетін күпәйкелерді Мәскеуге вагондап жөнелтетін. Ауылдағы ақ жигулиді айдап, колхоз бастық болып жүргенде айналасындағылар мұнысын ерсі көріп, пыш-пыштап жататын. Ержетіп қалған төрт бірдей ұлынан айрылып қалғанда да, өмірге өкпелеген жоқ. Есесіне үш қызын бағып-қағып, бар тәттісін ауызымызға тосты. Ал әкем анамды қолдап, жұмысқа кеткенде біздің тамағымызды пісіріп, сабағымызды қадағалайтын. Бірбеткейлігім мен қайсарлығым анама тартса, әсершіл, жұмсақтығым әкеме ұқсаған.
— Ал, әкеңіз қандай адам?
— Әкем Өмірбай Жұбаев – бір мектепте 40 жыл бойы ұстаздық еткен адам. Өзі тағы коммунист. Тарих пәнінің мұғалімі. Ол кісінің өз әлемі бар еді. Ақша дегенге мүлдем қыры жоқ кісі болды. Ақша қайдан келеді, балалардың оқуының ақшасы, киім дегенге бас қатырмайтын. Оқушыларының дәптерін тексеріп, емтиханға дайындап, сабаққа кешікпей бару дегенді парызындай орындайтын.
— Сіз жетекшілік ететін той қызметтерін ұсынатын «Шабыт» агенттігіндегі өнерпаздардың костюмін бастан-аяқ өзіңіз тіккен екенсіз. Шеберхана жұмысын бір жолға түсіру оңай емес шығар? Көрпе-жастық, перде, көрпе тыстары, төсек-орын сияқты қыз жасауын даярлайды екенсіздер.
— Алғашқыда үйде өзім тапсырыстар қабылдап жұмыс істедім. Кейін қасыма бір көмекші алдым. Жұмыс көбейіп, үйге сыймағаннан кейін шеберхана аштық. Әйтпесе, шеберхана ашам деген ой болған жоқ. Қазір ұжымда 50 шақты қызметкер жұмыс істеп жатыр. Біз ұлттық нақыштағы бағытты ұстанамыз. Көбіне қыз жасауына керек шымылдық, көрпе-жастық, кестелі дастархан тігіп дегендей. Қазір киім-кешекке қарағанда, осы заттарға сұраныс көбірек. Сахналық етік, туфли, би костюмдерін де тігеміз. Алдағы уақытта өзіндік стилі бар cәнді киімдер тігуді қолға алғымыз келеді. Ол үшін алдымен уақыт пен ізденіс керек. «Артық дәулет бас жармас» деген. Отбасылы болған соң, артық кіріс міндетті түрде керек.
— Алғаш рет іс тігіп, ақысын алып қуанған сәтіңіз есіңізде ме?
— Бала кезімде болған мына оқиға әлі күнге есімнен кетпейді. Анам үйге қымбат масатыдан бір орам мата әкеліп қойды. Ол кезде алтыншы сыныпта оқимын. Анам жұмысқа кеткен кезде, әлгі матаның гүлді тұстарын ойып алып, орындыққа жапқыш тігіп тастағам. Бір орам матаны тұтастай бүлдіріп, анамнан жақсылап тұрып ұрыс естігенім бар. Бастапқыда негізінен би тобы мен өзіме, сондай-ақ, балаларыма киіп тігіп жүрдім. Содан бір күні әлеуметтік желі арқылы жакет тігуге тапсырыс түсті. Алып келген матасы қысқа болғандықтан, өз білгеніммен басқа матадан пішіп, тігіп шықтым. Алайда ол киім клиенттің ойындағыдай шықпай қалып, маған қатты ренжігені бар. «Енді қайтып біреуге киім тікпеспін!» деп содан кейін бетім қайтып қалды. Адамның ішкі қалауын тап басу қиын екен. Бірақ сәтсіздіктерден қорықпау керек, ол – біздің мүмкіндіктеріміз. Өзіндік стилімді қалыптастырғым келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын «киім дизайны» деген мамандыққа оқуға түскен едім. Бірақ ақылы болған соң, жалғастыруға шамам жетпеді. Сол кездегі арманыма алдағы уақытта қол жеткізгім келеді. Ауызбен орақ орғанша, іспен дәлелдеу – менің ұстанымым.
— Шеберханаңыздың өнімдері арзан тұрмайтындығы айтылып жатады. Мысалы, бір көрпешенің бағасы 20 мың теңгедей екен. Қажетті маталарды қайдан әкелесіз?
— Шикізат өте қымбат. Менің технологиям өзгеше, себебі, екі жыл бойы ізденіп, осы саланы әбден зерттедім. Әр матаның өзінің желімі болады. Оларды Германия, Түркия, Корея елдерінен алғызамын. Шеберхананың өнімдері тек қымбат, сапалы матадан тігіледі. Осы сапаға жету үшін біраз уақыт тәжірибе жинадым. Тапсырыс ойдағыдай шығу үшін, сапасы үшін жауап беретін болғандықтан, оларды жуып та, кептіріп те көрдім. Көпшілік қымбат екендігін айтып жатыр. Алдағы уақытта барынша арзандатуға тырысамын. Шыны керек, әр өнімнен 3 мың теңгедей ғана пайда түседі. Ал бұл бірнеше күнгі көз майын тауысып отырып, тіккен еңбегіңе тұрмайды.
— Әлеуметтік желідегі парақшаңызды қарап отырсам, ән айтады екенсіз, би билеп, ортасында балабақшадағы мерекеге арнап неше түрлі торт та пісіріп, киноға түсіп жатырсыз. Осының барлығына қалай үлгересіз, сізге өмірде күш-жігер беретін не нәрсе?
— Тыныш отырып қалсам, депрессияға түсемін. Қазір онсыз да болмайды. Өмір өтіп бара жатыр. Жастар жұмысқа құлшыныссыз келеді, ынта жоқ, оларға қарап тұрып, ішің пысады. Бірақ, өздері жұмысты қопарып тастағандай жүреді. Әркім өз шамасына қарап қимылдау керек. Бала-шаға өсіп келе жатыр. Абай атамыз да айтады ғой, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп. Өзім қарапайым отбасының қызымын. Оралманмын, жер ауыстырып, ортаға сіңісу оңай болған жоқ. Көшеде қаңғып, подъездерге түнеген кездеріміз болды. Сондай кезеңдерді бастан өткерген соң, қазіргі күніме шүкіршілік қыламын. Өнер адамы өз ісіне көңілі толып, қанағат танытатын болса – көрерменге айналғаны. Сондықтан, жаңа заттарға, жаңалыққа құмар болып, үнемі ізденісте жүремін.
— Сонда, сіз Ресейден оралған қазақсыз ғой?
— Жоқ, Ресейде туысқандарымыз тұрады. Интернетте қате жазылып кеткен, көбі мені Ресейден деп шатастырып жатады. Мен Өзбекстанның Нүкісінде туып, өстім. 6-11 сыныпта Нүкіс қаласындағы музыкалық училищенің «хореография» бөлімінде оқыдым. Үйдегілер биші болуымды қаламаған соң, Ташкенте құқық саласында колледжді бітірдім. 2002 жылы Атырау қаласына көшіп келдік.
— Шеттен көшіп келген этникалық қазақ ретінде қандай да бір қиыншылық көрдіңіз бе?
— Шеттету қай жерде де болады. Қалың өзбектің ортасында жүргенде «қазақ, қазақ» деп бөліп тастады. Енді мына жаққа келгенде «қарақалпақ» дегенді де көрдік. Мен үшін бұл қалыпты жағдай, оған ренжімеймін. Өз өмірімді өзім құрып келемін, талмай еңбектеніп келемін, нәтиже жоқ емес. Ал басқасының бәрі бекер. Қайдан көшіп келсем де, маңдай ақы, табан теріммен еңбектеніп жүрмін. Біреуге бірдеңені дәлелдеу үшін жүрген жоқпын, өзім үшін өмір сүремін. Айтса айта берсін, маған бәрібір. Шынтуайтында, қасымдағы жақындарым менің кім екенімді біледі, түсінеді, жақсы көреді.
— Сізді «Келін» киносы арқылы көпшіліктің танығаны рас. Дау болды, сынға ұшырады. Болашақта осындай бағытта ұсыныстар түсіп жатса, қалай қарайсыз?
— Түспеймін, мұны сол кезде-ақ айтып тастағанмын. Ондай киноларға шақыртулар әлі де келеді. Жұрт «Қазақ ұлтын ұятқа қалдырдың» деп қазірге дейін жерден алып, жерге салып жатады. Иә, мүмкін ұятқа қалдырсам, қалдырған да шығармын. Бірақ, бұл аты дардай «Қазақфильм» киностудиясының жұмысы, мен тек образды сомдаушы актрисамын. Фильмнің ортасына келгенде жылап, ары қарай түскім де келмеді. Сонда жауапты тұлғалар «бұл – қазақ өнері. Кино мемлекеттің қаржысына түсіріліп отыр. Кімді ойыншық қылғың келеді?!» деп ұрысты. Осыдан соң «мүмкін қазақ кино өнеріне расымен үлес қосатын болармын» деп ойлағаным рас. Алуан түрлі көзқарас бар, әркімге бірдей ұнай алмайсың. «Келін» фильмін сәтсіз туынды деп айта алмаймын, өзіндік тілі бар жанрлық фильм. Сол жылдары әкем Өзбекстанда қалып, шешем Атырауда болды. Сонда Алматыда қара басымның қамымен жүрген, жанашыры жоқ мен үшін «Келін» фильмі бірден-бір мүмкіндігім болар деген ойда болдым. Ол жерде білдей режиссер мен сценаристер отыр. Сондықтан, жаманат пен қарғысты жалғыз өзім арқалауым әділетсіздік деп ойлаймын. Бұдан кейін де «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «М-агент», «Әке серті» сияқты бірнеше фильмдерде ойнадым. Мысалы, Е.Рақышевтің «М-агент» фильмінің кәсіби тұрғыда кемшілігі болса да, айтар ойы, мағынасы терең. Журналистер қауымы соны неге айтпайды? Жоқ, он жыл бұрынғы сол тақырыпты қайталап айта береді, қаза береді. Іздеген адамға ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстарым баршылық.