Басты бетЖаңалықтарҚуатжан Уәлиев...

Қуатжан Уәлиев Президент өкімімен қызметінен уақытша шеттетілді

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы қызметтен уақытша шеттетілді. Бұл туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімі Ақорданың сайтында жарияланды.

Мемлекет басшысының өкімімен Қуатжан Серікқазыұлы Уәлиев Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысының лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттетілді, — делінген хабарламада.

Қуатжан Уәлиев 1966 жылы 2 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында туған. Ол Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы қызметін 2014 жылдың сәуір айынан бері атқарған еді.

Айта кетейік, бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова Астанада өткен брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы мен әкімшілік департаментінің директорына қатысты тергеуалды тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның мәліметінше, бұл екеуіне мемлекеттік сатып алу келісімшартын бекіту үшін және жалпы қамқорлық көрсету үшін мердігер ұйым басшысынан пара алды деген күдік келіп отыр.