«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы мен Елшілер жұбайлары клубы бірлесіп, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне өз елдерінің тарихы жазылған кітаптарды сыйға тартты. Швейцария, Корея елшілердің жұбайлары мен Белоруссия республикасының елшісі балаларға 1000-нан аса кітапты сыйға тартты.
Балаларға әр түрлі тілде жинақталған кітаптар берілді. Бұл олардың шет тілдеріне деген қызығушылықтарын арттыруға септігін тигізеді деген ойдамын. Бұл бастама алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Біз партия ретінде балалар үйі мен елшілер арасындағы қарым-қатынастың тығыз болуына қол ұшын береміз,-деді Астанадағы «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев.
Сонымен қатар Словения, Украина, Латвия, АҚШ, Монғолия, Жапония және Үндістан елшіліктері өз тілдерінде басылып шығарылған оқулықтарын беріп жіберді.
Біз 120-ға жуық әр бағыттағы кітаптарды алып келдік. Оқулықтардың ішінде біздің елдің мәдениеті, тарихы, саясаты жайында түрлі мәліметтер жинақталған. Сонымен қатар біз кішкентай бүлдіршіндерге арналған кітаптарды да қосып отырмыз,-деді Қазақстандағы Белоруссия республикасының елшісі Игорь Иванов.
Салтанатты жиыннан кейін қонақтар балалар үйінің жұмысымен танысып, балалармен тілдесті.